
Нидерланды астанасы Гаагада өткен НАТО саммитінде одақтас елдер 2035 жылға дейін қорғанысқа жыл сайын ЖІӨ-нің 5 пайызын жұмсауға уағдаласты. Бұл шешім «қауіпсіздікке төнген елеулі қатерлерге» жауап ретінде қабылданған, деп жазады Euronews.com.
Саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда альянсқа мүше мемлекеттердің басшылары мен үкіметтері «қорғаныс пен қауіпсіздікке қатысты негізгі қажеттіліктерге» ЖІӨ-нің 5 пайызын бөлетінін жариялады.
«Еуроатлантикалық қауіпсіздікке Ресей тарапынан төнген ұзақмерзімді қауіп пен терроризмнің тұрақты қатері жағдайында НАТО-ға мүше елдер 2035 жылға қарай ЖІӨ-нің 5 пайызын қорғанысқа бағыттауға міндеттенеді», – делінген құжатта.
Бұл инвестициялар одақтас елдердің «ұрысқа дайындық деңгейі мен тұрақтылығын арттырып, тежеу мен қорғаныс қабілетін күшейтуге» мүмкіндік береді деп көрсетілген.
Декларацияда сондай-ақ Вашингтон келісімінің бесінші бабы – «бір елге шабуыл – бүкіл альянсқа шабуыл» деген ұстанымға негізделген ұжымдық қорғанысқа деген мызғымас адалдық қайта расталды.
Қорғаныс шығындарын арттыру талабын АҚШ президенті Дональд Трамп қойған. Ол еуропалық одақтастар қорғанысқа жеткілікті қаражат бөлмесе, АҚШ-тың НАТО-дан шығатынын ескерткен.
Бұған дейін НАТО елдеріне қорғанысқа ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызын жұмсау талабы қойылған еді, алайда кейбір елдер бұл межеге әлі де жете алмай отыр.
Қорытынды құжатта Украинаға қолдау көрсету міндеттемесі де қамтылған.
«НАТО-ға мүше елдер Украинаның егемендігі мен қауіпсіздігіне қолдау көрсету жөніндегі өз міндеттемелерін қайта растайды. Бұл – өз қауіпсіздігімізге қосқан үлесіміз. Осыған байланысты одақтастар Украина қорғанысы мен оның әскери өнеркәсібіне бөлінетін тікелей қаражатты да ұлттық қорғаныс шығындарына енгізіп есептейтін болады», – делінген декларацияда.
НАТО саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасында 40 минуттан астам уақытқа созылған кездесу өтті. Бұл туралы екі тарап та пікір білдіріп, кездесудің мазмұнды әрі маңызды тақырыптарға арналғанын айтты.