Жаңалықтар

Қытайда нөсер соңы су тасқынына ұласып 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Қытайда нөсер соңы су тасқынына ұласып 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Қытайда нөсер соңы су тасқынына ұласып 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды/Фото: Синьхуа агенттігі

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында толассыз жауған жаңбыр мен таудан келген су ағыны екі ауданда күшті су тасқынын тудырды, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.

Табиғи апат салдарынан Жунцзян ауданынан 48 900, Концзян ауданынан 32 000 тұрғын уақытша эвакуацияланған. Екі ауданда да су тасқынына қарсы төтенше жағдай режимі ең жоғарғы – I деңгейге дейін көтерілген.

Жунцзян ауданында 23 маусым күні сағат 20:00-ден бастап нөсер жауған. Дулиу өзеніндегі су деңгейі сейсенбі, 24 маусымда сағат 14:00-де ескерту деңгейінен 6,68 метрге жоғары көтерілген.

Салдарынан «Кун Чао» стадионындағы футбол алаңы үш метр су астында қалды.

Фото: Синьхуа агенттігі

Стадион маңында тұратын тұрғын Лун Тян таңғы сағат 8-де оянғанда су белге дейін жеткенін айтқан.

«Су өте тез көтерілді, сол себепті мен үшінші қабатта қалып, құтқарушыларды күттім. Түске қарай мені қауіпсіз жерге көшірді», – дейді ол.

Өрт сөндірушілер мен еріктілерден құралған құтқару топтары екі ауданда да қайық пен басқа да жабдықтарды пайдаланып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Провинцияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы екі ауданға гуманитарлық көмек ретінде 30 000 бөтелке ауызсу мен 10 000 жылдам дайындалатын кеспе жөнелткен.

Гуйчжоуда жауын-шашын салдарынан болған көшкін Санду ауданындағы көпірдің бір бөлігінің құлауына себеп болған. Әзірге адам шығыны туралы ақпарат жоқ.