Жаңалықтар

13 жасқа дейінгі қыздарға вакцина салынады: ол туралы не білу керек

14 жасқа дейінгі қыздарға вакцина салынады: ол туралы не білу керек
13 жасқа дейінгі қыздарға вакцина салынады: ол туралы не білу керек/Фото: shutterstock

Алматы қаласында 11-13 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы жоспарлы вакцинациялау жүріп жатыр.

Қанша қыз вакцинацияланды

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіінің дерегінше, 20 маусымдағы жағдай бойынша АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасы 10293 қызға салынған. Оның ішінде 11 жастағы 4429, 12 – 13 жастағы 5864 қыз вакцинацияланған. АПВ-ға қарсы вакцинаның екінші дозасы 4171 қызға салынған. Оның ішінде 11 жастағылар 1216, 12 – 13 жастағылар – 2955. Департамент қыздар арасында вакцинациядан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмегенін атап өтті.

Қандай вакцина қолданылады

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері вакцинациялауды егілетін адамдарды қарап, тексеруден өткізіп, ата-анасынан (заңды өкілдерінен) келісім алғаннан кейін жүргізеді.

«АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған. 6 ай аралығымен 2 дозадан тұрады. Қазақстан елімізде тіркелген АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады. Бұл вакцина АПВ 6,11,16 және 18 түрлерінен қорғайды», – дейді ол.

Департамент дерегінше, вакцинада тірі вирустар жоқ, инфекция тудырмайды әрі репродуктивті функцияға әсер етпейді! ДДСҰ 9 жастан 14 жасқа дейінгі қыздарды, жыныстық қатынас басталғанға дейін вакцинациялауды ұсынады.

Вакцина неден қорғайды

Қасымхан Алпысбайұлы вакцинаны қыз балаларға егу арқылы АПВ онкогендік түрлерінен қорғауға болатынын айтады.

«Егу мектеп немесе емхананың егу кабинетінде жүргізіледі. Ата-аналарды 11 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарын АПВ-ға қарсы вакцинациялауға шақырамыз», – дейді департамент басшысы.

Елде жыл сайын 1900-ге жуық әйелде жатыр мойны обыры анықталады, оның ішінде 600 әйелде қолайсыз нәтиже көрсетіледі, статистикаға сәйкес, күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады.

Департамент дерегінше, АПВ-ның 200-ден астам түрі белгілі, олардың 40-тан астамы жыныс аймағына әсер етуі мүмкін әрі кем дегенде 14-і онкологиялық ауруларды тудыруы мүмкін.

АПВ қалай таралады:

– АПВ жұқтырған адамман жанасу кезінде, тұрмыстық байланыс жолы арқылы;

– тері және шырышты қабаттар арқылы;

– жыныстық қатынас кезінде;

– босану кезінде анадан балаға АПВ берілуі мүмкін.

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті АПВ-ға қарсы вакцинация баланың өміріндегі маңызды қадам екенін атап өтеді. Өйткені бұл онколонкологиялық аурулардың алдын алудың тиімді, қауіпсіз әдісі және көптеген жылдар бойы қорғауды қамтамасыз етеді!

Бұған дейін ДСМ аутизмнің жиілеп кетуіне екпенің қатысы қаншалықты екеніне жауап берген.