НАТО саммитінде Трамп пен Зеленский кездесті

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
НАТО саммитінде Трамп пен Зеленский кездесті/ANP/AFP/GETTY IMAGES/EPA/SHUTTERSTOCK

НАТО саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасында 40 минуттан астам уақытқа созылған кездесу өтті. Бұл туралы екі тарап та пікір білдіріп, кездесудің мазмұнды әрі маңызды тақырыптарға арнал­ғанын атап өтті.

Зеленский: «Бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын талқыладық»

Кездесуден кейін Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, Дональд Трампқа алғыс айтты.

«Президент Трамппен ұзақ әрі мазмұнды кездесу өткіздік. Барлық маңызды мәселелер талқыланды. Атысты тоқтату мен шынайы бейбітшілікке қол жеткізу, халқымызды қорғау жайы сөз болды. АҚШ-тың қолдауына ризамыз», – деді Украина президенті.

Сондай-ақ кездесу жайлы кейінірек толық ақпарат беруге уәде етті.

Трамп: «Зеленский соғыстың аяқталғанын қалайды»

Дональд Трамп та кездесуге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кездесуде атысты тоқтату турасында нақты келіссөз болмағанымен, Зеленскийдің бейбітшілікке ұмтылатыны аңғарылған.

«Мен тек оның жағдайын білгім келді. Ол өте сыпайы болды. Кездесуден түйгенім – Зеленский бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Енді Владимир Путинмен сөйлесемін. Өткен аптада шамамен 7 мың украиналық пен ресейлік сарбаз көз жұмған. Бұл – ессіздік», – деді Трамп.

Путин мен Зеленский – «қиын әріптестер»

Баспасөз конференциясы кезінде Трамптан неліктен сайлауалды уәдесіне қарамастан соғысты тоқтата алмағаны сұралды.

«Бұл ойлағаннан да күрделі. Владимир Путин өте қиын қарсылас болып шықты. Зеленскиймен де оңай болған жоқ», – деп жауап берді ол..

Сондай-ақ АҚШ-тың Украинаға қосымша қаржылай көмек беруі мүмкін бе деген сауалға Трамп нақты жауап бермей, «Көреміз. Путин бұл соғысты тоқтатуы керек. Адамдар қаза тауып жатыр», – деп шектелді.

Patriot жүйелері туралы сұрақ: АҚШ әлі шешім қабылдаған жоқ

BBC Украин қызметінің тілшісі Трамптан АҚШ Украинаға Patriot зениттік-зымыран кешендерін сатуға қаншалықты дайын екенін сұрады.

«Олар бұл жүйелерді қатты қалайды. Қарастырамыз. Бірақ оларды алу өте қиын. Біз оларды Израильге де береміз, өзімізге де қажет. Өте тиімді қару. Бұл – жақсы сұрақ», — деді Трамп.

Журналистер Трамптың жауабынан бұл мүмкіндіктің толықтай жоққа шығарылмағанын атап өткен.

Бұған дейін, Bloomberg НАТО мен Ресей соғыса қалса, соғыстың құны 1,5 трлн доллар болуы мүмкін деген болжамды есеп жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз