
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 16 пайыз қосылған құн салығы (ҚҚС) салынатын болды. Бұл туралы 25 маусымда Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Серік Жұманғарин мұндай шешімнің негізгі себебі – салық арбитражының алдын алу деп түсіндірді.
«Көптеген азық-түлік өнімдері шетелден әкелінеді. Тек бірқатары елде өндіріледі. Осы айырмашылық салық салуда теңсіздікке әкелуі мүмкін. Сондықтан біз оларды салықтан босатпау туралы шешімге келдік. Бірақ отандық өндірушілерге қолдау көсету жолын табамыз», – деді министр.
Жұманғарин үкімет отандық өндірушілерді қалай қолайтынын оншақты күннен кейін хабарлаймыз деді. Алдағы уақытта Ұлттық экономика министрлігі «Инвестицияға тапсырыс» атты ірі бағдарлама жарияламақ.
«Біз өңірлер бойынша кәсіпорындарды тартып, маңызды деген 8–10 азық-түлік атауы бойынша нақты қолдау көрсетеміз», – деді ол.
Бастапқыда Салық кодексінде аталған тауарларды ҚҚС-тан босату көзделген. Алайда Сенат бұл ұсынысты қолдамады. Ал салықтың артуы қымбатшылыққа әкеп соғуы ықтимал.
Мәжіліс депутаттары бүгін Сенаттың түзетулерін мақұлдап, құжатты Президенттің қол қоюына жіберді. Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.