
ERG холдингінің құрамына кіретін тағы бір еншілес компания қор биржасынан кетпек. «Шұбаркөл көмір» компаниясының акцонерлері жалпы жиналыста Қазақстан қор биржасынан ерікті түрде делистинг жасау туралы шешім шығарған.
17 маусымда өткен жиналыста акционерлер негізгі үш мәселені қараған: қор биржасынан ерікті кету, ірі мәмілеге өзгеріс енгізу және есеп комиссиясы.
«Шұбаркөл көмір» АҚ – Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнында орналасқан Батыс және Орталық ашық кеніштерінде көмір өндіретін кәсіпорын.
Компанияның негізгі акционерлері — «Еуразия энергетикалық корпорация» АҚ және SHK Eurasian Holding B.V. Қос компания 50 пайыз қарапайым акциясын иеленеді. Екі ұйымның да түпкі иесі – Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG). Ал Eurasian Resources Group компаниясының 40% үлесі Қазақстан қаржы министрлігіне тиесілі. Бұған қоса Александр Машкевич мұрагерлері мен Әлижан Ибрагимов отбасының 20,7%-дан, Патох Шодиевтің 18,6% үлесі бар.
Бұған дейін Eurasian Resources Group құрамына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы да қор биржасынан ерікті түрде делистинг жасайтынын мәлімдеген.
Сонымен қатар қытайдың China Energy Investment Corporation (CHN Energy) компаниясы «Шұбаркөл Көмір» және «Шұбаркөл Премиумның» үлесін сатып алу үшін көеліссөз жүргізіп жатыр деген ақпарат тарады.