Lifestyle

Горельник шатқалында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылады

Горельник шатқалында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі ашылады / фото: Алматы әкімдгі

Алматы маңындағы табиғаты көркем Горельник шатқалында туристер үшін жаңа Arman-köpir жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан Алматыда туризм мен экотуризмді тұрақты дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Көпір 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ұзындығы 77 метр болатын бұл көпір шатқалдың екі жағалауын жалғай отырып, болашақта ашылатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Мың бала» спорт клубына апаратын қолайлы жолға айналады. Құрылыс жер бедерінің күрделілігін ескере отырып салынған. Көпірдің беріктігі мен сенімділігі халықаралық қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді.

фото: Алматы әкімдгі

Жобаны жүзеге асыруға Швейцарияның Swissrope Ltd компаниясы атсалысуда. Бұл компания Еуропаның таулы және қорғалатын аймақтарында аспалы көпір салу бойынша көпжылдық тәжірибеге ие. Жоба жеке бастама ретінде іске асырылып жатыр.

Көпірге жақын жерде аумағы 912 шаршы метр болатын көпфункционалды спорт залы, сондай-ақ балаларға, спорттық топтарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысушыларға арналған жайлы 12 модульді капсуладан тұратын кешен салынуда. Бұл кешен жыл бойы белсенді демалыс, спортпен айналысу және табиғат аясында білім алу бағдарламаларына арналған кеңістік болады.

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Айта кетейік, биыл көктемде осы шатқалда визит орталыққа апаратын «Жұмбақ жол» деп аталатын жаяу жүргіншілер жолы ашылған еді. Ұзындығы 285 метр болатын бұл жол демалыс аймақтарына жетуге мүмкіндік береді. Соқпақ бойында түнгі жарық пен ақпараттық стендтер орнатылған. Бұл жоба экотуризмді дамытуға және Медеу мен Шымбұлақ сияқты орындарға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.