Жаңалықтар

Pinduoduo, Temu сынды интернет дүкендерінің тауарларына салық салынып, қымбаттайды

PIN DUO DUO
Шетелдің интернет дүкендерінен сатып алынған тауарлар декларацияланады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Енді Pinduoduo, Temu, OZON, Wildberries сынды шетелдің интернет дүкендерінен сатып алынған тауарлар декларацияланады. Бұл туралы Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Бірінші кезекте халықаралық пошта арқылы шет елдік интернет-платформалардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарлар енді бөлек санатқа жатқызылып, электрондық сауда тауарлары ретінде айқындалады.

Содан кейін электрондық сауда тауарларын бақылайтын электрондық сауда операторы деген ұғым пайда болады. Олар шетелден келетін тауарларға статистика жүргізіп, декларацияланатын тауарды белгілеп отырады.

Сол мақсатта аталмыш тауарларға арнайы электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясы енгізілмек. Яғни, тауар құны мен салмағы белгіленген нормадан асса, салық төлеу керек болады.

«Қазіргі таңда шет елдік интернет-платформалардан сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар санатына жатады. Сонымен бірге, еркін кіргізу нормасынан асқан жағдайда декларацияланады. Еркін кіргізу нормасы 200 еуро, 35 кг құрайды», – деді министр.

Министрдің айтуынша, аталған тауарлар сауда айналымына жатпаған соң, ресми статистикаға енгізілмеген. Енді бұл тауарлар декларацияланып, шетелдің интернет-платформаларынан сатып алынатын тауарлар туралы толық статистика құрылады.

Айта кетейік, бұл интернет дүкендерінің тауарлары қымбаттайды дегенді білдіреді. Министрдің айтуынша, ҚҚС қазір 12%. Оған 5% көлемінде кедендік баж салығы салынады. Солайша ерікті нормадан асқан тауар құны шамамен 17%-ға көтеріледі.