Жаңалықтар

«Knauf» компаниясы Жамбыл облысында 30 млн долларға зауыт салады

Германиялық «Knauf» компаниясы Жамбыл облысында зауыт салады / Фото: СІМ

Германиялық «Knauf» компаниясы Жамбыл облысында 30 млн долларға зауыт салады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, министрлікке қарасты Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов «Knauf» компаниясының басқарушы серіктестері атынан ТМД елдері бойынша өкілі Александр Блюмхард инвестициялық келісімге қол қойған.

Қандай зауыт салынады?

Бұл инвестициялық жоба бойынша жергілікті шикізатты пайдалана отырып, құрғақ гипс қоспаларын шығару жоспарланып отыр. Зауыт өнімінің 80%-ы ішкі нарыққа бағытталса, 20%-ы ЕАЭО елдері мен Орта Азия елдеріне экспортталмақ.

  • Жобаға 30,5 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция құйылады;
  • Зауыт қуаты – жылына 225 мың тонна өнімді құрайды;
  • Жоба пайдалануға берілген соң, 100 тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Knauf» компаниясы туралы

Министрліктің мәліметінше, «Knauf» компаниясы Үлкен-Бұрылтау кен орнында гипс өндіруді көздеп отыр. Компанияға тиісті лицензия берілген. Бұл кен орнының 84 млн тонна қоры бар деп болжанып отыр. Кен орны аталмыш өндірісті ұзақ мерзімге қажетті шикізатпен қамтамасыз ете алады. Зауыт құрылысына қатысты тиісті сараптама жасалған соң, компания минералдық шикізатты өңдеу желісін қолға алмақ.

«Knauf» сынды жаһандық көшбасшылардың қатысуымен жүзеге асырылатын мұндай ірі жобалар – еліміздегі тартымды әрі тұрақты инвестициялық ортаны құру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, Қазақстанның экспорттық әлеуетін де күшейтеді», – деді Оспанқұлов.

Ал Блюмхардт компанияның Қазақстанда бизнесті дамытуға басымдық беріп отырғанын, бұл орайда елде қажетті шикізат базасы жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ инвесторларға Қазақстан үкіметі тарапынан қолайлы жағдай жасалып жатқаны үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, Қытайдың Fufeng Group компаниясы Жамбылда жүгері зауытын салады.