Жаңалықтар

Осы жылы елде 260 қамыс өрті тіркелген: өртпен қос министрлік бірге күреспек

Камыши, Атырау, пожар
Елде осы жылы 260 қамыс өрті тіркелген / Фото: ТЖМ; бильд-редактор: Милош Муратовский

Өртке қауіпті кезең басталғалы елде 260 қамыс өрті тіркелген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығында Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың төрағалығымен ерекше қорғалатын аумақтарда қамыс өртінің алдын алу және оларды сөндіру мәселелері қаралған.

Министрлік, өрт қаупі кезеңі басталғалы бері ел аумағында 260 қамыс өрті тіркелгенін хабарлады. Олардың басым бөлігі жетуі қиын өңірлерде тіркелгендіктен, өрт сөндіру жұмыстары айтарлықтай қиындайды. Мұндай жағдайларда өрт сөндіру техникасын тікелей қолдану мүмкін емес. Осыған байланысты өртті жою шараларын көбінесе Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен авиациясы жүзеге асырады.

Осыған орай Камалов Экология және табиғи ресурстар министрлігін аумақтарды өртке қауіпсіз жағдайда ұстауда бірге күш жұмылдыруға шақырды. Атап айтқанда, патрульдеуді ұйымдастыруда, құрғақ өсімдіктерден тазартуда, қажетті техника мен ресурстарды тарту бөлігінде міндеттемелерді орындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп тұру ұсынылды.

«Экология министрлігі қызметтің салалық ерекшеліктерін ескере отырып, қамыс өртінің алдын алудың қолайлы шаралары туралы шешім қабылдауы тиіс. Өз кезегінде ТЖМ өрт туындаған жағдайда қолдау көрсетуге – күш, техника жіберуге, үйлестіруді қамтамасыз етуге дайын», – деді ТЖМ өкілі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі өртке қауіпті кезеңде іс-шараларды бірге жүргізуге келіскен.

Еске сала кетсек, ең ірі қамыс өрті Атырау облысында тіркелді. Бұл өрт кеше, 24 маусым күні толық сөндірілді.

Өрт 31 мамырда басталды. Өрт салдыранын атырау қаласының ауасы ластанып, шаһарды көк түтін басты.