Алматы маңындағы тоғандар қоғамдық демалыс аймағына айналады

Дархан Сатыбалды Алматы маңындағы гидробекеттердің жағдайын тексеріп, тоғандарды инфрақұрылымы дамыған демалыс аймағына айналдаруды тапсырды. Әкімнің Алатау ауданындағы су айдындарын тексеруге барғанын қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Су тоғандарын тазалау
«Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Алатау ауданының Томирис шағынауданына барып, Джигитовка өзенінің бойындағы тоғандардың гидротехникалық құрылыстарын қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) дайындау барысымен танысты», – деп хабарлайды әкімдік.
Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Мирас Гайсиннің айтуынша, жоба аясында қолданыстағы бес бөгет қайта жөнделіп, бір жаңа бөгет салынады. Сонымен қатар тоған түбі тазартылып, жағалауы бекітіледі. Жоба бойынша тоған маңына бейнебақылау, жарықтандыру және автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату көзделіп отыр. Жобаға кіретін аумақ 122,49 гектарды құрайды. Оның ішінде су айдынының аумағы 38,82 гектар, тоғандардағы судың есептік көлемі – 821 мың текше метр.
Жайлы демалыс орындары
Шаһар басшысы су айдындарын экологиялық тұрғыдан қалпына келтіруге кешенді көзқарас қажет екенін атап өтіп, қала тұрғындары үшін эккологиялық тұрғыдан қолайлы, жайлы да қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сатыбалды тоғанның қоғамдық демалыс аймағына айналу әлеуетін жоғары де санайды.
«Әр елдің тәжірибесіне қарасақ, сәтті мысалдар көп. Мұндай тоғандарды көркейтіп, халықтың игілігіне жаратуға әбден болады. Бұл Алатау ауданы үшін тағы бір халық баратын орынға айналады», – деді әкім.
Тоған жағдайымен танысқан шаһар басшысы жобалық сметалық құжаттаманы 2025 жылдың соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырды. Жобаны жүзеге асыратын кезде жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен жарықтандыру, көгалдандыру мәселесін ескеруді мәндеттеді.
«Жобаға Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы тапсырыс берген. ЖСҚ әзірлеумен «Қазгипроводхоз институты» ЖШС айналысады. Құжаттама 2025 жылы желтоқсанда аяқталады. Ал жобаны іске асыру мерзімі – 2026-2027 жылдарға жоспарланға», – деп хабарлайды әкімдік.
Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын қала әкімі Алматы тауларындағы мұздақ көлдердің жай-күйімен танысқан болатын. Әкім тауларда орналасқан көлдерді тікұшақ арқылы бақылап, селден қорғау бөгеттерінің техникалық жағдайын тексерді.