
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына келіп, туғанына 100 толған қазақтың қайсары қызы – Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына – 100 жыл», – делінген Ақорда хабарламасында.
Осыдан кейін президент Ақтөбе қаласының халқымен кездесіп, осы өңірден шығып отанын қорғауға аттанған қазақ қызына тағзым ету үшін арнайы келгенін айтқан.
«Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады», – деді президент.
Сонмын бірге президент қазіргі алмағайып заманда елімізде бірлік пен татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталып өткен.
Облысқа сапары барысында Тоқаев «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, кеше президент Ақордада БАҚ өкілдерін қабылдап, журналистерді марапаттаған болатын.