Мәскеу мүфтияты «көп әйел алуды үйрететін курстарға» қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Көп әйел алу курстары туралы арандатушылар ақпарат таратқан / фото: shutterstock
Көп әйел алуды үйрететін курстар туралы арандатушылар ақпарат таратқан / фото: shutterstock

Мәскеу мүфтияты «көп әйел алуды үйрететін курстар» туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, бұл бұрмаланған нәрсе.

RBC ақпаратына қарағанда, мүфтият ресми түрде отбасылық өмірге баулитын курстар мен көп балалы отбасыларды қолдау бағдарламаларын ғана өткізетінін атап өтті.

Мәскеу мүфтиі Ильдар Аляутдиновтың пікірінше, «Ресей мүфтиятында көп әйел алуға қатысты арнайы курстар өткізіліп жатыр» деген ақпарат жалған. Бұл – мұсылман қауымына күйе жағу және қоғамда араздық туғызу мақсатындағы әрекет.

«Бұл – Ресей халықтарының арасына іріткі салып, мұсылман діни басқармасының беделін түсіруге бағытталған сәтсіз әрі әдейі жасалған арандатушылық», – деп бағалады Аляутдинов.

Оның сөзіне қарағанда, көп әйел алу тақырыбында ешқандай курс өткізілмеген. Өткізілмейді де.

«Азаматтарды мұндай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз», – деді мүфти орынбасары.

Айта кететін жайт, 2024 жылдың желтоқсанында Ресейдің Діни басқармасы көп әйел алуға қатысты фәтуа жариялаған болатын. Онда ер адамға қандай да бір себептермен бала көтере алмайтын әйелінің рұқсатымен екінші әйел алуға рұқсат берілетіні айтылған. Бірақ бұл жағдайда барлық әйелдер бір-бірін білуі тиіс.

Мұның алдында мүфтият мәйіт донорлығына рұқсат беру мәселесін халықаралық тәжірибеге сүйеніп зерттейтінін жария етті.

Сондай-ақ оқыңыз