Микроқаржы ұйымдары қазақстандықтарға 71 млрд теңге артық төлем жасатқан

Микроқаржы ұйымдары тұрғындарға 71 млрд теңге артық төлем жасатқан. Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі анықтап отыр.
ҚМА заңды айналып өтетін жосықсыз микроқаржы ұйымдарының қызметін тоқтату үшін жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Қосымша алымдарды жасырған
«Азаматтарға заңды несие түрінде ұсынылған қызметтердің астарында қосымша алым, комиссия мен сақтандыру төлемі жасырылады. Мұндай тәсілдер сыйақы мөлшерлемелеріне қойылған шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік береді», – деп сақтандырды агенттік.
Ақырында қарыз алушылар «қарыз қақпанына» түсіп, алған сомасынан бірнеше есе артық қаржы қайтаруға мәжбүр болады.
300 қазақстандық зардап шеккен
ҚМА ақпаратына қарағанда, 2025 жылдың басынан бері 5 микроқаржы ұйымының жұмысы тоқтатылыпты. Мұндай ұйымдардан 300 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Олар жалпы көлемі 71 млрд теңгеден астам артық төлем жасаған.
Агенттік несие алар алдында барлық шарттарды мұқият тексеруге шақырып отыр.
Агенттік ескертеді
«Қай қызмет үшін қанша төлейтініңізді білуге құқылысыз. «Тексерусіз беріледі», «бәріне бірдей мақұлданады» деген уәделерге сенбеңіз. Заңды микроқаржы ұйымдары ондай жұмыс істемейді», – деп ескертті ҚМА.
Бұдан былай микроқаржы ұйымы жарнамасында қарыздың нақты пайызын көрсетпесе айыппұл төлейді.