НАТО мен Ресей арасындағы соғыстың құны 1,5 трлн доллар болады – Bloomberg

НАТО мен Ресей арасында соғыс болса, оған қанша қаржы кететіні есептеле бастады. Орта есеппен шығын 1,5 трлн доллар болмақ.
Bloomberg ақпаратына қарағанда, бұған тек қана соғыс қимылдарының шығыны кірмеген. Ресейден жеткізілім тоқтаған соң, мұнай бағасының шарықтауы мен қаржы нарығында активтерді сату шығындары да ескеріліпті.
«Әлемдік ЖІӨ 1,3 пайызға төмендейді»
Агенттіктің болжамына қарағанда, НАТО мен Ресей арасындағы соғыс әлемдік ЖІӨ-ні 1,3 пайызға төмендетпек. Бұл – шамамаен 1,5 трлн АҚШ доллары.
Агенттіктің пікірінше, Еуропа шенеуніктері қазір Владимир Путиннің әскери қуатын қалай арттырып жатқанын қадағалап отыр. Олар бұдан бірнеше жыл бұрын мүмкін емес көрінген қауіпке қарсы күресіп жүр. Атап айтқанда, Ресеймен соғысқа.
«Ресей жанталаса қаруланып жатыр»
«Ресей қазір артиллериялық снарядтарды, ұшқышсыз ұшатын апараттар мен зымырандарды едел-жедел әрі үйіп-төгіп шығарып жатыр. Таяуда қару-жарағы Украинадағы соғысқа қажетті көлемнен асып жығылмақ», – деп жазды ақпарат агенттігі.
«Амбициясы Украинамен аяқталмайды»
Bloomberg-тің жазуынша, әзірге НАТО мен Ресей арасындағы соғыс неғайбыл болып көрінеді. Тек Ресейдің екі майданда соғысуға әзірге жағдайы келмейтіндіктен ғана. Әйтсе де, ресей генералдарының «Ресейдің империялық амбициясы Украинамен шектелмейтінін» әлденеше мәрте мәлімдегенін алға тартып отыр.
Мұның алдында НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ресейден қорғану үшін әуе және зымыранға қарсы қорғанысты 400%-ға арттыруға шақырған болатын.