Банк пен қаржы

Әбілқасымова: Ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме тым жоғары, дефолт қаупі бар

Ипотекамен үй алғысы келетіндер жаңа талаптарды мұқият жадында ұстауы керек / фото: chatgpt
Ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме тым үлкен / фото: chatgpt

Қазір коммерциялық банктердің ипотека бойынша ұсынып отырған жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) тым үлкен, болашақта нарықта дефолт қаупі бар. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Әбілқасымова коммерциялық банктерде ЖТСМ неге тым жоғары екенін де түсіндіре кетті. Оған Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлеменің жоғарылауы себеп.

«Базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме де үлкен. Орта есеппен мөлшерлеме 21-23% көлемінде қалыптасып отыр. Бірақ бұл өте жоғары мөлшерлеме, тұтынушылар үшін үлкен жүктеме болады. Соңғы үш жылда яғни пайыздық мөлшерлеме тым жоғары болған кезеңде ипотекалық қарыз алғандар арасында дефолт болу қаупі бар», – деп атап өтті ол.

Сондықтан ипотекалық мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданған. Осы арқылы жоғары нарықтық мөлшерлеме бойынша ипотекалық өнімдерді қолдауды азайтпақ.

Әбілқасымова ипотека ұсынатын коммерциялық банктер үшін тағы бір талап енгізілмекші екенін жариялады.

«Нарықтық ипотека өнімдері үшін бастапқы жарнаны 10-20 пайызбен шектеу туралы талап дайындап жатырмыз. Әзірге бұл мәселені талқылау керек», – деді ол.

Қазір нарықта бірнеше коммерциялық банк ипотека ұсынады. Ол банктердегі бастапқы жарна 10-20% аралығында. Ал Shinhan Bank-те ипотека бойынша бастапқы жарна 40%-ға, ал Қазақстандағы Қытай банкінде 50%-ға тең.

ЖТСМ қашан өзгереді?

16 маусымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін төмендетті. Яғни қолданушылар үшін ипотека арзандай түседі деген сөз.

Осы жаңалықтан кейін кейбір банктер ипотека беруін уақытша тоқтатты, шарттарын өзгертті.

Ал 17 маусымда ҚНРДА ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеретінін хабарлады. Банктер жаңа өзгерістерге дайын болғанша, яғни қарашаға дейін қайта 25% деңгейінде қалатын болды.