Қазақстанда жаңа банк пайда болды

Жарияланды 25 Маусым 2025 10:39

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: Самат Бисенбаев / 2ГИС

Бүгін, 25 маусымда, BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымына банк лицензиясы табысталды. Енді ел нарығында BNK Commercial Bank атты жаңа банк пайда болды.

Банкке лицензия беру салтанатына Кореяның ҚР-дағы Бас консулы, BNK басшылығы және Қаржы нарығын реттеу және дамыту (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты.

«Қазақстан мен Кореяның стратегиялық қарым-қатынасы өзгеріп жатыр. Энергия, инфрақұрылым саласындағы серіктестік дамып жатыр. Алматыда шетелдік банктер, финтех компаниялар саны артып жатыр. Бұл өзгерістер BNK қаржы тобының жаһандық кеңею стратегиясын сай келеді. Шымкент пен Алматы тәрізді ірі қалаларда тірек нүктелерін қалыптастыру арқылы жергіліктендіру стратегиясы жүзеге асып жатыр. Одан әрі шағын және орта бизнес үшін мамандандырылған банк ретінде қалыптасып, ТМД елдеріне шығатын база құруды жоспарлап отырмыз», – деді BNK Commercial Bank басқарма төрағасы Ким Сонг Хен.

Мәдина Әбілқасымова өз сөзінде бұл лицензия 2010 жылдан бері шетелдік ұйымға берілгелі отырған алғашқы банк лицензиясы екенін атап өтті.

«Бүгіннен бастап BNK банк секторының толыққанды мүшесіне айналды. Мұндай бірі банктің елімізге келуі нарықтағы бәсекелестікті арттырып, банк қызметтерінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Одан әрі Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-экономикалық серіктестігін дамытуға да әсер зор», – деп атап өтті ол.

BNK Commercial акционері – BNK Capital Co. компаниясы. Өз кезегінде бұл оңтүстік кореялық BNK Financial Group холдингінің еншілес ұйымы. Бұл қаржы ұйымы Кореядан бөлек, Қытай, Вьетнам елдерінде жұмыс істейді. Актив көлемі 103 млрд долларға тең, әлем бойынша 12 мыңға жуық қызметкерлері бар.

BNK Finance Қазақстан нарығына 2018 жылы кіріп, жұмысын микроқаржы ұйымы ретінде бастады. ҚНРДА мәліметінше, МҚҰ активі жағынан нарықта 15-орынды иеленді.

2024 жылы қарашада ҚНРДА төрағасы Мадина Әбілқасымова қаржы ұйымына банк лицензиясы берілетінін хабарлаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев та Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльмен кездесуінде BNK Finance Kazakhstan-ның коммерциялық банкке айналу шешімін қолдайтынын айтқан.

Қазір Қазақстан нарығында 21 банк бар, оның ішінде оны шетелдік компаниялардың қатысуымен жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз