Шетелдік гидтер елде заңсыз істеп, бюджетті миллиардтаған ақшадан айырады

Шетелдік гидтердің кесірінен ел бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылып отыр. Олар нарықта заңсыз жұмыс істейді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова айтты.
«Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Пәкістан және тіпті Қытайдан өз автобустарымен туристер әкеледі. Экскурсия өткізеді, клиенттер тартады. Бірақ қазақстандық туроператорларға аталған елдерге өз жолаушыларымен кіруге тыйым салынған. Тең жағдай неге жоқ? Сарапшылардың бағалауынша, ел бюджеті жылына 1 млрд теңгеден аса қаржы жоғалтады», – деп атап өтті ол.
Осыған байланысты депутат тураймақтарды инвесторларға сенімгерлік басқаруға беріп, Еуропаға ұқсас стратегиялық басқаруды ұсынды.
«Гидтер үшін міндетті сертификаттауды енгізу қажет. Экскурсиялық, трансферлік және қонақүй қызметін бір-бірінен нақты ажыратып, бөлек экономикалық код енгізу керек. Face ID мен биометрияны тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетелдік қонақтарға да қолдану қажет. Туристер үшін шетел валютасын алып кіруге қойылған 10 мың долларлық шекті алып тастау қажет. Бұл шектеу олардың ел ішінде ақша жұмсауына кедергі келтіреді. Сонымен қатар инфрақұрылымды қамтамасыз ету керек: дәретханалар, қоқыс жәшіктері, демалыс орындары, интернет қолжетімді болуы тиіс», – деп атап өтті депутат.
Смолякованың сөзінше, егер қажетті шаралар қабылданса, туризмді ЖІӨ-нің 3-4% үлесін беретіндей деңгейге жеткізуге болады.
Ресми дерек бойынша, өткен жылы елімізге 15 млн-нан астам шетелдік турист келген. Бірақ сарапшылар елдің инфрақұрылымы көп туристерді қабылдауға жарамсыз деген пікірде. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева инфрақұрылымы оған дайын емес екенін айтты.
Қалалар арасында шетелдік туристі ең көп қабылдаған – Алматы. 2024 жылы Алматыға 2,3 млн турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға көп.