Жаңалықтар

Бейбіт Жұқаев Уимблдон іріктеу сынының финалына шықты

Бейбіт Жұқаев Уимблдон ірі турнирінің негізгі кестесіне өтуге тырысады / фото: Қазақстан теннис федерациясы
Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің негізгі кестесіне өтуге тырысады / фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев (APT 251) Уимблдон-2025 іріктеу турнирінің ақтық сынына өтті.

Сәрсенбі, 25 маусымда Бейбіт Жұқаев неміс теннисшісі Янник Ханфманды екі сетте жеңді. Матч 7:6, 6:3 есебімен аяқталды. Бейбіт осы ойында 19 мәрте эйс орындап, бір рет брейк жасады.

Дүйсенбі күні 24 жастағы Бейбіт іріктеу сынының алғашқы турында украин теннисшісі Виталий Сачконы үш сетте жеңген: 7:5, 4:6, 7:6. Енді қазақ теннисшісі финалда Лука Павлович пен Джеймс Кент Троттер ойының жеңімпазымен кездеседі.

Үлкен дулыға санатындағы төрт ірі турнирдің бірі – Уимблдон-2025 турнирінің іріктеу сынына Қазақстаннан төрт спортшы қатысып жатыр. Димитрий Попко бірінші турда сүрінсе, Михаил Кукушкин мен Тимофей Скатов алғашқы ойында жеңіске жетті. Дегенмен екеуі де сәрсенбіде екінші турда жеңіліп қалды.

Уимблдон-2022 жеңімпазы Елена Рыбакина, Александр Бублик, Юлия Путинцева және Александр Шевченко жарыстың негізгі кестесіне енді. Олардың матчы келесі аптада өтеді.