
Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен компаниясы Қазақстанда галлий (Ga) өндірісіне 20 млн доллар инвестиция құюды көздейді. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Галлий сирек кездесетін металдар тобына кіреді. Оны АҚШ пен Еуроодақ аса маңызды ресурстар тізіміне қосқан.
ERG мәлімдемесіне қарағанда, компания өндірісті 2026 жылы бастауды жоспарлап отыр. Кәсіпорын сирек кездесетін металды боксит кенінен алуды көздейді. Компания боксит кенін алюминий тотығын алу үшін пайдаланып жүр.
Ақ түсті жұмсақ металл көбіне электроника мен радиолокация жүйелеріне қажетті желілер жасауда, сонымен бірге ғарыш және қорғаныс өнеркәсіптерінде пайдаланылады.
Қазақстанда бұған дейін галлий өндірілмеген. Енді ERG Қазақстанды өндіріс көлемі жөнінен Қытайдан кейінгі екінші орынға шығаруға ұмтылады.
«ERG өндірісті 2026 жылдан бастап, әлемнің галлий нарығында ірі ойыншыға айналғысы келеді. Ол өнімді Экономикалық әріптестік және даму ұйымы елдеріне жеткізіп отырады. Бір жылда 15 тоннаға дейін шикізат өндіреді», – деді ERG бас директоры Шухрат Ибрагимов.
АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, 2024 жылы әлемде 760 тонна галлий өндірілген. Оның басым бөлігі Қытайға тиесілі. Жапония, Оңтүстік Корея және Ресейде де осындай металл өндірісі бар, бірақ айтарлықтай үлкен емес.
2024 жылғы желтоқсанда Қытай галлий, германий және сурьманы Құрама Штаттарға экспорттауға тыйым салған.
Люксембургте тіркелген ERG компаниясының 60% үлесі Машкевич, Шодиев және Ибрагимов отбасыларына тиесілі. Акциялардың қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді. Биыл мамырда жас топ-менеджер Шухрат Ибрагимов компания қожайыны атануға ұмтылатыны туралы мәлімет тараған.
Кезінде 13 млрд фунт-стерлингке бағаланған ірі тау-кен компаниясын 1990-жылдары Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимов құрған. Олар Совет одағы ыдыраған соң, Қазақстандағы ірі кен орындарын жекешелендіріп алған.
Бұған дейін Kursiv.Media кейінгі уақытта көп айтылып жүрген серек кездесетін металдар және оларды өндірушілер туралы жазған.