Бибісара және 15 жігіт: Асаубаеваның супертурнирдегі қарсыласы кімдер

Freestyle Chess Grand Slam Tour супертурниріне қатысатын шахматшылардың бәрі анықталды. Бибісара Асаубаева әлемнің ең мықты 15 шахматшы жігітіне қарсы ойнайды.
Жарыс алғаш рет Құрама Штаттарда ұйымдастырылады. Турнир Лас-Вегас қаласында 16-20 шілде аралығында өтеді. Оған әлемнің ең үздік 16 шахматшысы шақырту алды. Арасында жалғыз қыз – Бибісара Асаубаева да бар.
Freestyle Chess-ті Фишер шахматы деп те атайды. Мұнда шахмат фигураларының орналасу тәртібі өзгеріп отырады. 960 нұсқа бар. Фишер шахматы сонысымен қызық әрі күрделі.
Турнир құрамы бекітілді. Оған турнир көшін бастаған Магнус Карлсен, екінші орындағы Хикару Накамура, үшінші тұрған Фабиано Каруана қатысады. Өзбекстаннан Нодірбек Әбдісатторов пен Жавихир Синдаров шақырту алды.
Қазақстан намысын Бибісара Асаубаева қорғайды. Ол шахматшы қыздар осал ойнамайтынын дәлелдеуге тырысады. Бибісара – турнир тарихында осы жарысқа қатысқан үшінші әйел шахматшы. Бұған дейін Freestyle Chess-ке Юдит Полгар мен Хоу Ифань қатысқан.
Шахматшылар сегіз ойыншыдан тұратын екі топқа бөлінеді. Әр топтан төрт адам ширек финалға өтеді.
Freestyle Chess турниріне қатысатын 16 шахматшы (фристайл рейтингі бойынша):
- Магнус Карлсен – 2909
- Хикару Накамура – 2818
- Фабиано Каруана – 2804
- Рамешбабу Прагнанандха – 2773
- Ян Непомнящий – 2771
- Винсент Кеймер – 2766
- Арджун Эригайси – 2758
- Леньер Домингес – 2749
- Левон Аронян – 2737
- Уэсли Со – 2737
- Ханс Ниман – 2722
- Видит Гуджарати – 2713
- Пархам Магсудлу – 2712
- Жавохир Синдаров – 2702
- Нодірбек Әбдісатторов – 2702
- Бибісара Асаубаева – 2506
Жарыстың жүлде қоры – 750 мың доллар. Турнир жеңімпазы 200 мың доллар алады.