Ағаштарды заңсыз кескен қазақстандықтар қанша айыппұл төлейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Заңсыз ағаш кескендерге және бүлдіретіндерге салынатын айыппұл мөлшері өседі / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Экология және табиғи ресурстар министрлігі заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұлдар өсетінін хабарлады.

Министрлік өсімдіктер әлемін қорғау, сақтау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерге толықтырулар енгізді.

Жаңа ереже 5 шілдеден бастап күшіне енеді.

Жаңа өзгеріс нені қамтиды?

Базалық мөлшерлемелерге енгізілген қосымшада өсімдіктер әлемінің жекелеген объектілерін заңсыз иемдену, жинау, зақымдау немесе жою үшін төленетін айыппұл мөлшері нақты белгіленген. Бұл мөлшерлемелер ағаш пен бұтаның түріне және олардың жасына қарай сараланады.

Ағаштар мен бұталар бойынша айыппұл мөлшері (АЕК есебімен):

  • Қарағай, шырша, самырсын – ағаштың жасына байланысты 15-тен 45 АЕК-ке дейін (58 980 – 176 940теңге);
  • Кедр – 17–47 АЕК (66 844 – 184 804 теңге);
  • Арша – 14–44 АЕК (55 048 – 173 008 теңге);
  • Қоңыр жапырақты (емен, жөке, үйеңкі, шетен т.б.) – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280теңге);
  • Қайың – 12–42 АЕК (47 184 – 165 144 теңге);
  • Терек, тал, көктерек – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280 теңге);
  • Жаңғақ, бұршақжаңғақ – 50–80 АЕК (196 600 – 314 560 теңге);
  • Жеміс ағаштары (өрік, шие, алма т.б.) – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280 теңге);
  • Тау аршасы – 12–42 АЕК (47 184 – 165 144 теңге)
  • Сары қараған, бұта тектес тал, шырғанақ және басқа бұталар – 9–39 АЕК (35 388 – 153 348 теңге).

Айта кетейік, осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар барын және оларды – мемлекеттік жауы деп атаған болатын.

Еске салсақ, былтыр өртке оранған «Семей орманы» филиалының директоры жуырда ұсталды. Бұдан бөлек орманды заңсыз отады деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілген. Тінту барысында оталған ағаш, ағаш өңдеу станоктары, ақша мен құжаттар тәркіленген. Күдіктілер қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Сондай-ақ оқыңыз