Қазақстанға автокөліктер контрабандалық жолмен келіп жатыр – депутат

ЕАЭО елдерінен Қазақстанға автокөліктер контрабандалық жолмен келіп жатыр. Осының салдарынан мемлекетке келген залал көлемі 70 млрд теңгеге дейін жетті. Мұндай мәліметті Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров келтірді.
Саиров еліміздің ішкі нарығын шетелден келетін заңсыз көліктерден қорғау қажеттігін атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арқылы Қазақстанға үшінші елдерден, әсіресе Жапониядан, оң рульді көліктердің контрабандалық жолмен кіріп жатқанын мәлімдеді.
«Оң рульді көліктерге елімізде тыйым салынған. Дегенмен екі жыл ішінде елімізге 56 мың көлік кіріп, 70 млрд теңге залал келді деген ақпарат бар. Бейрейсми ақпаратқа сүйенсек, біздің көршілер арқылы Қазақстанға Жапониядан оң рульді автомобильдер бөлек ретінде енгізіліп, елімізде қайта жиналып, жаңа құжат әзірленген. Сарапшылар одан келетін зардап жүздеген миллирдттар кетеді дейді. Үкімет осы бойынша қандай шаралар қзабылдап жатыр?»,– деп сұрады мәжілісмен.
Бұл мәселеге жауап берген Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин аталған деректер туралы хабары бар екенін, бірақ 56 мың көлік туралы нақты ақпараттың өзіне жетпегенін айтты.
«Ондай естігеніміз бар. Көлік бөлшек ретінде кіріп, құрастырылады. Бірақ 56 мың көлік деген ақпаратты естімедік. Сіздің тапсырмаңызды ескеріп, өкілетті органдарға тапсырма берсін, тексерсін», — деді Жұманғарин.
Еске салайық, Қаржылық мониторинг агенттігі елімізде 1800-ден астам автокөліктің заңсыз тіркелгенін анықтады. Мәліметке сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде агенттіктің аумақтық департаменттері көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық істі тергеген.