Шымкентте әйелін суицид жасауға итермелеген адам бір жарым жылға сотталды

Жарияланды
Әйелін суицид жасауға итермелеген адам бір жарым жылға сотталды/Фото: Дилара Иса

Отбасылық жанжалдан соң көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан секіріп кеткен әйелдің өлімі бойынша сот үкімі шықты. Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қараған. Сот марқұмның күйеуі 51 жастағы Мұхитжан Сейдуәлиевті Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» бабымен кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушы сотта өз кінәсін мойындағанымен, Kursiv.Media-ға сот үкімімен келіспейтінін жеткізді.

«Сейдуәлиев Мұхитжан Қалдарбекович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Сәбит Төреханов.

Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болды. Оның 2025 жылдың 10 ақпанынан сот үкімі шыққанға дейінгі қамаудағы әр күні жазаны өтеудің екі күніне есептелінетін болды.

Сот үкімін сотталушымен бірге іс бойынша жәбірленуші деп танылған оның екі қызы тыңдады. Сотталушы үкім оқылып жатқанда еңкілдеп жылап тұрды. Үкім оқылып біткенде, «қыздарым» дей бергенде тұңғыш қызы, жәбірленуші:

«Анашымды өлтірдің. Сол үшін оңай жазамен құтылып кетесің бе? Ешқашан кешірмеймін», – деді.

Сотталушы Мұхитжан Сейдуәлиев Kursiv.Media тілшісіне сот үкіміне келіспейтінін жеткізді. Ол үкім туралы өзге пікір білдірмеді.

«Сейдуәлиевтің ісі сотқа Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігімен түсті. Қылмыстық процесуалдық кодекске сай сот айыптау шегінен шыға алмайды. Біз тек қана осы бап бойынша істі қарадық. Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе шектеу жаза тағайындау санкциясы көрсетілген. Жәбірленуші кешірім бермеген соң, оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 1 жыл 6 ай жаза тағайындалу себебі сотта сотталушы айыбын толық мойындады. Мұны ескерсек бұл ең үлкен жаза», – деді судья үкімді түсіндіріп жатқанда.

Істің мән-жайы

Биыл 5 ақпанда Шымкенттегі «Күншығыс» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласынан әйелдің денесі табылды. Марқұм тұрғын үйдің 3-қабатындағы ас бөлменің терезесінен секіргені мәлім болды. Көп өтпей күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуі қамауға алынған еді.

Анасының өлімінен соң, балалары мен марқұмның туыстары мәлімдеме жасаған. Олар әйелдің күйеуінен жылдар бойы зорлық-зомбылық көргенін, сол күні де ұрыс-керіс кезінде ұрып-соққанын жанында болған 4 және 2 жастағы балалары көргенін айтқан. Сондай-ақ әйелдің өзі суицид жасамағанын, оны 3-қабаттан лақтырып жіберген болуы мүмкін екенін, денесінде зорлық-зомбылық іздері бар екенін жеткізген.

«Үкіммен келіспеймін. Сот тергеуінде соңына дейін кінәсін мойындамай, «әйелімді ұрған жоқпын, оны жақсы көрдім» деген адам жарыссөзде ғана кешірім сұрап, айыбын мойындады. Берілген жаза өте аз. Анамның денесінде түрлі жарақаттар болды. Біз істі «Адам өлтіру» бабына алмастыруды сұрадық. Бірақ алмастырмады. Мысалы, қазір отбасылық зорлық-зомбылық жасаған адамды 8 жылға дейін қамайды. Зорлық-зомбылықтан соң адам өліп отыр. Соның өзінде аз жаза тағайындады», – дейді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.

Жетім қалған жеті бала

Қалдарбектің сөзінше, әкесі мен анасының отбасы құрғанына 20 жылдан асқан. 2020 жылы ресми ажырасқанымен, әкесі кешірім сұрап келген. Балаларын жетім етпеу үшін анасы онымен қайта қосылған. Десе де әкесі ұрып-соғуды тоқтатпаған. Осы уақыт ішінде әкесі анасымен қоса балаларына да зорлық-зомбылық көрсетіп келген.

«7 бала анамыздан айырылып қалдық. Бір інім әлі балалар үйінде, оны жанымызға алып шыға алмай отырмыз. Үйде жүргеннің өзінде ұрыс-керіс басталатын, анамды жұдырықтап ұратын, тебетін, балағаттайтын. Айта берсек, көп қой ондай кездер. Балалық шағымыздың бәрі осылай өтті. Анамның отбасылық өмірден жылы естеліктері болды деп айта алмаймын. Өмір бойы таяқ жеп өтті, туысқандарымен араласуына тыйым салды. Анамның өзі секірді дегенге сенбеймін. Әкемді жек көремін», – деді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.

Қалдарбектің айтуынша, марқұм анасы мен әкесінің ортақ жеті баласы бар. Үлкені 22 жаста, кенжесі 2 жаста. Қазір кәмелет жасқа толмаған балаларына үлкендері қамқор болып отыр.

Сот мәліметіне қарағанда, 5 ақпан күні кәмелет жасқа толмаған балаларының көзінше сотталушы әйелін балағаттап, ар-намысына тиіп қорлаған.

«Сол күні сотталушы әйелінің телефонына келген хатты көрген. Онда алынған несиені өтеу туралы хабарлама болған. Сол үшін әйелінің адами қадір-қасиетіне тиетін балағат сөздер айтып, қорлап, сол жақ бетіне шапалақпен бір рет ұрған. Бұған шыдай алмаған әйелі өзін-өзі өлтіру мақсатында пәтердің ас бөлмесінен секіріп, қайтыс болған» делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз