Жаңалықтар

Тіл мен технология: әлеуметтік желі қазақ тіліне қалай әсер етіп жатыр

Әлеуметтік желі қазақ тіліне қалай әсер етіп жатыр / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Гүлбаршын Нұрхан

Цифрлық дәуір қарқынды дамып, адамдардың қарым-қатынасы онлайн кеңістікке көшкен шақта интернет пен әлеуметтік желінің қазақ тіліне әсері де маңызды зерттеу нысанына айналды. Бұл құбылыс ана тіліміздің дамуына жол ашты ма, әлде оның құрылымына зиян келтіріп жатыр ма? Kursiv.Media тілшісі осы сауалдар төңірегінде тіл мамандарының пікірін білді.

Қазақша жазу алаңы қалыптасты

Филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбайдың пікірінше, әлеуметтік желіде қазақша жазу қалыптасып келеді. Бұл – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, жаңаша мазмұнмен байытатын мүмкіндік.

«Әлеуметтік желідегі қысқа да нұсқа жазылатын хат-хабарлардың мазмұны мен мәні әртүрлі. Онда мәнді сөз де, мәнсіз бос сөз де жеткілікті. Әркім өзінің зерделі-зердесіздігін, парқы мен парықсыздығын, батылдығы мен жасықтығын танытатын нағыз демократиялық, сөз бостандығы байқалатын орта қалыптасты», – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, интернеттегі жазбалар жастардың ойын еркін жеткізуіне жол ашып, ұлттық сана қалыптастыруда рөлі ерекше болып отыр. Себебі әлеуметтік желі – кез келген адамның ойын айту алаңы, ал тіл – сол ойдың көрінісі.

«Қазір ұлттық құндылығымызды бағалайтын, ана тілінің қасиетін түсініп, қадіріне жететін саналы орта қалыптасып жатыр. Көбі – жастар», – дейді ол.

Анар Салқынбай / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Гүлбаршын Нұрхан

Ғылым тілі әлеуметтік желіде дамымайды

Әлеуметтік желі тілдік айналымға жаңа сөздер мен тіркестерді тез енгізетін орта болғанымен, ғылым тілін дамыту міндетін арқалай алмайды. Ғалым Анар Салқынбай ғылым саласына арналған терминдерді әуелі Алаш қайраткерлері ұсынған ұғымдар негізінде дамыту қажеттігін айтады.

«Ғылым тілін қазақшаламасақ, қазақ әдеби тілінің бір қанаты қайырылады. Ал бұл дамыған қазақ әдеби тілінің сағын сындырады. Әлеуметтік желі арқылы технология мен ғылым тілі дамиды деу – қате түсінік. Жаңа атаулар желіде тек жылдам таралады», – дейді ол.

Мысалы, «Айпон», «Айпат», «Гугл» сынды шетелдік атауларды толық аудармай, дыбыстық жағынан икемдеп қолдану – ана тіліміз үшін ұтымды тәсіл.

Жаргон – уақытша құбылыс

Қазіргі жастар арасында «краш», «рофл», «хайп» сияқты сленг сөздер кең таралған. Анар Салқынбай мұны уақытша сипатқа ие құбылыс деп бағалайды.

«Жастардың өз сленгі болуы заңды. Бұл бұрыс қолданыс болуы мүмкін, бірақ уақытша құбылыс», – дейді ол.

Сондай-ақ ғалым ауызекі тіл нормасымен жазылған жазбаларды әдеби тілдің бұзылуы деп қарамау керек екенін ескертеді:

«Бүгінгі жастарды «не дейд», «не болд», «не боп атыр» деп жазды деп, тілді бүлдірді деуге болмас. Бұл – тек ақпаратты тез жеткізу амалы ғана. Әлеуметтік желінің тілі әдеби тілдің даму не құлдырау көрсеткіші емес, бұл – ауызекі тілдің сипаты», – дейді профессор.

Жаңа сөздер – ғылым мен технология жетістігі 

Жаңа сөздер әлеуметтік желіде емес, ғылым мен технология жетістігі негізінде пайда болады. Ал желі оларды тек жылдам таратады. Бұл пікірді филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек те қуаттайды.

Бижомарт Қапалбек / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Гүлбаршын Нұрхан

 «Тілді дамытатындар – тіл білгірлері. Олар жаңа сөз, жаңа термин тудырып, қоғамға кеңінен таратады. Ал жастардың «краш», «хайп» дегені жаргон деңгейінде ғана. Әдеби тілге әсер етпейді. Бірақ желі арқылы жаппай қолданысқа еніп кету қаупі бар», – дейді ол.

Тілді дамыту үшін мемлекеттік сана қажет

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіде қазақша сауатты жазу – әр азаматтың міндеті. Бұл – тіл тазалығы мен мәдениетін сақтаудың алғышарты. Қазақ әріптерін қолданбау, орфографиялық қателер – ішкі мәдениет пен тілге деген құрметтің айнасы.

«Қазақ сөзі қалпына келуі үшін қазақша әріппен дұрыс жазуымыз керек. Бұл – үлкен мәселе. Орыс әліпбиінен қазақ әліпбиіне көшу кезінде көп мәселе шешілері анық», – дейді Анар Салқынбай.

Ал Бижомарт Қапалбек әлеуметтік желідегі тіл мәдениетін арттыру үшін смартфондарға қазақ пернетақтасын орнатып, мемлекеттік сана тұрғысынан ойлауды ұсынады:

«Қазір бәрі қолжетімді. Қазақша пернетақта орнатып алуға не кедергі? Заманауи технология тіліміздің қолданылуын жеңілдету керек», – дейді ол.

Тіл – тірі құбылыс. Ол қоғаммен бірге өседі, өзгереді. Әлеуметтік желі – бұл өзгерістердің айнасы ғана. Оны тиімді пайдалана отырып, тілімізді бұзбай, дамыту – әрбір қолданушының жауапкершілігі. Ана тілінің қадірін арттыру – онлайнда басталып, шынайы өмірде жалғасуы тиіс.