Жаңалықтар

Астанада 10 шақырым жерде не болып жатқанын бақылай алатын камералар орнатылды

Астанада бақылау камералары орнатылды/фото: egov.kz

Астанада «цифровой купол» жобасы аясында қуатты камералар орнатылып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы Сергей Варго мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазірге дейін биік ғимараттарға бес камера орнатылды. Олар Abu Dhabi Plaza, Қазтелерадио, «Престиж» тұрғын үй кешені, «Томирис» тұрғын үй кешеніне орнатылған. Бұл камералар 10 шақырымға дейінгі радиусты қамтып, қаладағы маңызды нысандар мен болып жатқан оқиғаларды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.

«Былтыр бейнекамера көмегімен қылмыстың 56%-ы ашылып, 66% әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Профилактикалық әсері де бар – кейінгі үш жылда қылмыс деңгейі 22%-ға төмендеді, ал биыл жыл басынан бері – 11%-ға азайды», – дейді Варго.

Айтуынша, жасанды интеллектіні қолдану нәтиже беріп келеді. Қазір 19 мың «ақылды» бейнекамера адамдардың бет-жүзін, топ болып жиналғанын, қаруды, адамдар қалдырылған заттарды тани алады.

«Осы құрылғылардың көмегімен іздеуде жүрген немесе есепте тұрған 585 адам ұсталды», – дейді ол.

Адамның бет-жүзін тану технологиясы патрульдік полицияның смарт-жетондарына да енгізілген. Қазір 7 мыңнан астам осындай құрылғы қолданыста, оның көмегімен 81 адам анықталған.

«Ақылды көзілдірік» сынақтан өтіп жатыр

Сергей Варгоның айтуынша, қазір министрлік «ақылды көзілдірікті» сынақтан өткізіп жатыр.

«Бұл – патрульдік полиция қызметкерлеріне арналған қосымша құрал, әсіресе адам көп жүретін орындарда бақылауды күшейтуге бағытталған. «Ақылды көзілдірік» жаяу жүргіншілер мен автокөлік нөмірін автоматты түрде сканерлеп, анықтайды. Бұл деректер қызметтік планшетке жіберіледі, ал планшет арқылы полиция қызметкерлері нақты шешім қабылдай алады», – дейді ол.

Адамның бет-жүзін тану технологиясы «жаяу жүргінші өткелі» жобасы аясында да қолданылады. Бұл жүйе жасанды интеллекті қосылған бейнекамерамен жабдықталған. Ол жаяу жүргіншілер мен көлік нөмірлерін анықтайды, құқық бұзушылық фактісін тіркеп, ақпаратты патрульдік полиция планшетіне жолдайды.

Осылайша, технология екі бағытта жұмыс істейді:

Бір жағынан жаяу жүргіншілерді жүргізушілерден қорғайды;

Екінші жағынан жүргізушілерді жол ережесін бұзатын жаяу жүргіншілерден қорғайды.

«Астанада тек бір жаяу жүргіншілер өткелінде екі апта ішінде 512 жаяу жүргіншіні өткізбеу фактісі тіркелген», – дейді ол.