Атырау колониясындағы әйелдер де жазасын баласымен бірге өтей алуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Атырау түрмесінде баласы бар әйелдерге арнайы нысан ашылады/фото: shutterstock

Атыраудағы әйелдер колониясы ішінен баласымен бірге жазасын өтеуге болатын нысан ашылады. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов айтты, деп хабарлайды KursivMedia.

Сөзінше, мекемелер белгілі бір адам санына лайықталған. Алайда кей жағдайда мекемелердегі адам саны нормадан асып кетеді. Бұл мәселе сотталғанды басқа мекемеге ауыстыру арқылы шешіледі.

«Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабына сәйкес, сотталғандар өзінің туыстарымен тұрмыстық қарым-қатынаста болуы керек. Яғни, сол аймақта болуға тиіс. Сондықтан оларды басқа мекемеге ауыстырсақ, туыстарынан арыз-шағым түседі», – дейді Баймағанбетов.

Мекеме ішінде бір адамға 2,5 шаршы метрден келуі керек.

«Республика бойынша 6 әйелдер колониясы бар. Ол жерде халықаралық стандарттарға сәйкес жағдай жасалған. Себебі бізде әйелдерге назар өте көп аударылады. Ол колонияларда әйелдер жұмыспен қамтылған.

Алматы облысындағы «Жауғашты» колониясында сотталған әйелдер жазасын 3 жасқа толмаған баласымен бірге отырып өтей алады. Дәл осындай мекемені Атырау облысында да ашуды қарастырып жатырмыз. Әкімшілікпен арада келісім бар. Мекеме ішінде жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, содан кейін ашылады. Атыраудағы мекемеде қазір 500-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Алдымен жөндеу жұмыстары аяқталуы керек. Содан кейін ғана қанша әйелдің баласымен бірге жазасын өтей алатыны белгілі болады», – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Айтуынша, жұмыстың аяқталуы әкімшілік бөлетін қаржыға тікелей байланысты.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Айман Омарова «Жауғашты» түрмесі 550 әйелге лайықталғанын, алайда қазір ол жерде 650 әйел жазасын өтеп жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз