
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған қос қазақстандықтың мәселесіне қатысты пікірін айтты.
Әлібек Бақаевтың сөзінше, Қазақстан мен Индонезия арасында күдіктілермен алмасу бойынша келісім жоқ.
«Екі арада келісім болмаса да, біз өз тарапымыздан Индонезияға ресми сауал жолдауға мүдделіміз. Индонезия тарапы жауап берсе, соның негізінде екі жақты қарым-қатынас жалғасады. Әзірге екі азаматқа қатысты қандай шешім шығатынын күтеміз, соған қарай жұмысты жалғастырамыз», – деді ол сенатта журналистердің сұрағына жауап беріп.
СІМ орынбасары екі азамат әзірге Қазақстанның консулымен кездеспегенін, жергілікті заң бойынша оларға қорғаушы берілгенін атап өтті.
Бұған дейін, Индонезияда есірткіге қарсы жүргізілген ауқымды операция барысында 285 адам тұтқындалғаны, оның ішінде екі қазақстандық бары хабарланған. Индонезияда есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған. Қазіргі кезде 530 адамды өлім жазасы күтіп тұр. Оның ішінде 96 шетелдік бар.