Жаңалықтар

Қырғыз әуе компаниясы Қазақстанға ұша бастайды

Қырғыз әуе компаниясы Қазақстанға ұша бастайды/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Азаматтық авиация комитеті 27 маусымнан бастап Қазақстанның авиациялық нарығына Қырғызстанның әуе компаниясы – «Asman Airlines» кіретінін хабарлады.

Компания Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша дүйсенбі және жұма күндері аптасына екі рет тұрақты тікелей рейстерді орындай бастайды.

Комитет сонымен қатар 3 шілдеден бастап қазақстандық «Fly Arystan» әуе тасымалдаушысы да Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосатынын жеткізді.

Рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.

«Осылайша, жазғы кезеңде көрсетілген бағыт бойынша аптасына 4 тұрақты жолаушы рейсі орындалатын болады. Әуеқатынастың ашылуы екі ел арасындағы туристік, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді», – делінген комитеті хабарламасында.

Бұған дейін, қырғыз әуекомпаниясы Алматы мен Ыстықкөл арасында жаңа тікелей рейсті 23 маусымнан бастап ашатыны хабарланған. Ал FlyArystan тиісті рейсті 3 шілдеден бастап қосатынын мәлімдеген.