
СҚО Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылындағы кәсіпорындардың бірінде газ жарылды, деп хабарлады жергілікті Qazaqstan Media порталы.
Басылымның мәліметінше, өртті куәгерлер видеоға түсіріп үлгерген. Олардың айтуынша, өрт «Тайынша-Май» ЖШС-да жанармай шлангісінің үзіліп кетуінен басталған. Соның салдарынан газ жинағыштар жарылып, Volvo маркалы газ тасымалдаушы көлік тұтанған.
Ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті растаған.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кәсіпорынға тиесілі екі жинақтағыш тұтанып, жарылған. Кейіннен газ таситын көлікті от шалған. Жарылыс салдарынан тоғыз адам зардап шекті, олардың сегізі ауруханаға жеткізілді», – дегеy Qazaqstan Media-ға СҚО ПД өкілдері.
Денсаулық сақтау басқармасы жарақат алғандардың бір бөлігі Тайынша ауданаралық көпсалалы ауруханасына жеткізілгенін хабарлаған. Оларға түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат диагнозы қойылған. Қалғандары Ақмола облысының ауруханасына жіберілген. Олар көрші облыстан жанармай әкелген жұмысшылар екені анықталды.
Басылым дерегінше, «Тайынша-Май» ЖШС зығыр, күнбағыс және рапс тұқымын өңдеумен айналысады. 2016 жылы іске қосылған зауыттың қуаты жылына 300 мың тонна майлы дақыл немесе тәулігіне мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге жетеді.
Кәсіпорынға қытайлық Сиань Айцзюй компаниясы иелік етеді. Директоры Фан Лунфэй деген қытай азаматы.
Бұған дейін, Құлсары қаласының жанармай құю бекетінде жойқын жарылыс болып, 16 адам зардап шеккен.