Жаңалықтар

2024 жылы «Отбасы банктің» таза пайдасы азайған

Отбасы банк
«Отбасы банктің» таза пайдасы қысқарған / Фото: Яндекс карта, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Отбасы банк» АҚ 2024 жылғы қаржы есебі мен аудиторлардың қорытындысын жариялады. Есепке сәйкес, банктің таза пайдасы бір жыл ішінде 18%-ға азайған.

Егер 2023 жылы банктің таза пайдасы 147,5 млрд теңгені құраса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 120,8 млрд теңгеге дейін төмендеген. Яғни, бір жылда банк 26,7 млрд теңгеге аз пайда тапқан.

Бұл өзгеріс табыстылық көрсеткіштеріне де әсер еткен:

  • ROA (активтердің рентабельділігі) 3,69%-дан 2,82%-ға төмендеген;
  • ROE (меншікті капиталдың рентабельділігі) 24,78%-дан 17,02%-ға төмендеген.

Таза пайдасы азайғаныммен банк қаржылық тұрақтылығын сақтап отыр. Оның жиынтық активтері 2024 жылдың соңында 4,28 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 7,1%-ға өскен. Оның ішінде негізгі үлесті клиенттерге берілген кредит мен аванстар (3,38 трлн теңге) және мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған инвестициялар (227 млрд теңге) құрайды. Қолма-қол қаражат пен оның баламалары 569 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар меншікті капитал 2024 жылы 595,3 млрд теңгеден 709,6 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл өсімге қосымша капиталдандыру, кірістелген мемлекеттік субсидиялар және қайта бағалау қорындағы өзгерістер әсер етті. Сонымен бірге, банк акционерлеріне 44,3 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі.

Банк міндеттемелері де артып, 3,57 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің ішінде клиенттердің қаражаттары 2,67 трлн теңгеден асып отыр. Сонымен қатар банк шығарған облигациялар көлемі екі есеге артып, 418 млрд теңгеге жетті.

«Отбасы банк» – Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің басты операторы. Банктің жалғыз акционері – ҚР Үкіметі. Нақты айтқанда, мемлекеттің бақылауындағы «Бәйтерек» ұлттық холдинг арқылы иеленеді.

2024 жылдың соңында Үкімет тарапынан «Отбасы банкке» 94,9 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген. 2025 жылы да мемлекеттік сыйақы үшін қосымша 55 млрд теңге бөлінді (есеп беруден кейінгі оқиға ретінде тіркелген).

Қазіргі кезде осы жүйеге коммерциялық банктерді қатыстыру мәселесі талқыланып жатыр.