2027 жылы доллар бағамы 530 теңге болуы мүмкін – BofA

Bank of America (BofA) сарапшылары теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы бойынша базалық болжамын жариялады. Олардың есебінше, USD/KZT жұбының бағамы 2027 жылдың соңына дейін шамамен 530 теңге деңгейінде сақталады. Бұл теңге екі жылда бар-жоғы 2,9% құнсыздады деген сөз.
Мұндай қалыпты девальвация – Қазақстанда макроэкономикалық саясаттың қатаң сақталатынын және Ұлттық банктің инфляцияны тежеу мен сыртқы күйзелістерді жұмсартуды жалғастыруының айғағы болуы тиіс.
Алайда экономист Эльдар Шамсутдиновтың жазуынша, форвардтық келісімшарттарға терең үңілсек, басқа көріністі байқауға болады. Нарықтағы осы құралдар 2027 жылдың соңына дейінгі кезеңде теңге бағамын 658 деңгейінде болжайды. Бұл болжам теңге шамамен 28% құнсызданатынын меңзейді.
Неге мұндай айырмашылық бар? Өйткені нарық қатысушылары алдағы жылдары тәуекел көп болады деп ойлайды. Мысалы:
- Мұнай бағасының түсуі,
- Мемлекеттік бюджет тапшылығы,
- Сыртқы қарыздың өсуі,
- Әлемдік нарықтарда тұрақсыз жағдайлар.
Яғни нарық «қосымша тәуекел үшін» теңгеге жоғары девальвацияны алдын ала есепке алып отыр.
Сондай-ақ Bank of America теңгемен жасалатын инвестициялардың табысын да есептеген. Қысқа мерзімге (3 ай) теңге арқылы табыс 2,05% ғана. Бұл – салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Ал 9 айға дейінгі мерзімде табыс 5,7%–7,6% аралығында болады. Бұл – инвесторлар болашақта теңге әлсірейтінін күтеді дегенді білдіреді.
Одан бөлек, алдағы 1–2 айда ірі компаниялардың дивиденд төлеуі теңгеге қысым түсіруі мүмкін. Бірақ теңге бағамына ең үлкен әсер – мұнай бағасы мен рубль бағамынан болады.
Bank of America болжамынша, 2026 жылдан бастап бюджет тапшылығы азайып, экономикалық саясат жұмсара бастауы мүмкін. Бұл теңге үшін жағымды белгі болуы ықтимал.