Freedom Telecom жол бойындағы интернет инфрақұрылымына 120 млрд теңге салады

Freedom Telecom Operations LLP компаниясы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында инвестициялық келісімге қол қойды.
Freedom Telecom — бұл жобаның бастамашысы және негізгі орындаушысы. Мақсат – елдегі мобильді байланыс нашар қамтылған автожолдар бойында заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылым салу.
2025 жылдан 2027 жылға дейін Freedom Telecom 487-ден астам антенна-мачта құрылымдарын салады. Сонымен қатар, талшықты-оптикалық байланыс желілері, базалық станциялар және электрмен жабдықтау жүйелері орнатылады. Бұл жоба арқылы 40 мың шақырымнан астам автожол бойы 4G стандартындағы мобильді интернетпен қамтылады
Осылайша, шалғай аймақтарда тұратын азаматтар да интернетке қол жеткізе алады. Жобаға 120 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылады, бюджет қаржысы тартылмайды.
Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов бұл жобаның стратегиялық маңызын атап өтті:
«Freedom Telecom үшін бұл жоба – Қазақстанның цифрлық болашағын құру миссиясының бір бөлігі. Біз автожолдар бойына жоғары жылдамдықтағы интернет жеткізетін инфрақұрылым жасап қана қоймай, сонымен қатар бүкіл қоғамды цифрландыруға негіз қалаймыз. Бұл экономика өсіміне, қауіпсіздік пен цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға сеп болады. Телекоммуникация саласына қосқан үлесіміз Қазақстанның инновация бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады».
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жобаның ел үшін маңыздылығып атап өтті:
«Бүгінгі жобадағы басты басымдық транзиттік әлеуетті күшейту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және ең маңыздысы — азаматтардың қауіпсіздігі. Өкінішке қарай, кей автожолдарда мүлдем байланыс жоқ. Бұл жоба арқылы мобильді операторларға трасса бойына базалық станциялар орнатуға жағдай жасалады. Осылайша, шалғай аймақтарда да халық сапалы мобильді байланыспен қамтылады. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі — басты назарда, ал бұл жоба осы мақсатқа жетуге жол ашады».
Freedom Telecom компаниясы салатын телекоммуникациялық инфрақұрылым байланыс жоқ аумақтарда барлық мобильді операторлар үшін қолжетімді болады. Жобаны жүзеге асыру 2025 жылы басталады. Алдымен республикалық маңызы бар автожолдар 4G интернетпен қамтамасыз етіледі.
2028 жылға қарай облыстық трассалардағы «ақ дақтар» толығымен жойылады деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Freedom Шымкентке 7,5 млрд теңге инвестиция салған.