Жаңалықтар

Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғыртуға 2,8 млрд теңге бөлінді

жезқазған
Үкімет резервінен Жезқазған қалаcына 2,8 млрд теңге бөлінеді / Фото: egov, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкімет Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғырту үшін 2,8 млрд теңге бөлді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Қаражат резервтен бөлініп, Ұлытау облысы орталығының жылу инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады.

Жезқазған қаласында жалпы ұзындығы 398 шақырымды құрайтын жылу желісі бар. Бұл желі алғаш рет 1951 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі кезде жүйе 56,6%-ға тозып тұр.

Жылу желілері цехында 1969 жылдан бері жұмыс істеп тұрған 8 сорғы стансасы бар. Сарапшылардың мәліметінше, жылыту маусымында жылу жүйелеріндегі шығын орта есеппен 35-40%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш қолданыстағы және жаңадан салынып жатқан нысандарды жылумен қамтамасыз етуге кедергі келтіруде.

Қаланың дамуы мен Батыс ықшамауданның құрылысы қарқынды жүріп жатқанын ескере отырып, жобаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, құбыр диаметрі 800 мм-ден 1000 мм-ге дейін кеңейтіліп, реконструкциялауға жататын жылу желілерінің ұзындығы 11,4 шақырымнан 12,3 шақырымға дейін ұлғайтылды.

Үкіметтен бөлінген қаржы аталған жобаның үшінші іске қосу кешенінің екінші кезеңін аяқтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 98 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың жылу желілері жаңа маусымға сапалы дайындалып, жаңа құрылыстарды жүйеге қосуға жағдай жасалады.

Бұған дейін Жезқазғандағы ауызсу тазарту құрылысын жаңалауға 1,8 млрд теңге бөлінетіні хабарланған.