Авто

Қытай жүргізушілерінің таңдауы: 2025 жылғы ең танымал көліктер

Қытай нарығындағы ең танымал көліктер / Фото: shutterstock

Қытай – әлемдегі ең үлкен автокөлік нарығы. Бұрын бұл ел шетелдік брендтердің негізгі тұтынушысы болса, бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. 2025 жылы қытайлық өндірушілер тек өз елінде ғана емес, әлемдік нарықта да алдыңғы орынға шықты. Олар тек электромобильдермен шектелмей, бензинді, гибридті және электр қуатымен де, бензинмен де жүре алатын көліктермен де бәсекелестерінен озып тұр. Бірақ қытайлықтардың өзі қандай көліктерді таңдайды?

Электромобильдерге сұраныс өсіп келеді, бірақ бензин әлі сұраныста

Көпшіліктің ойынша, Қытайда көпшілік тек электромобильмен жүреді. Шын мәнінде, электромобильдер нарықтың жартысына жуығын құрағанымен, бензинмен жүретін және гибрид көліктерге деген сұраныс әлі де жоғары. Әсіресе провинциялар мен кіші қалаларда инфрақұрылым толық дамымаған, сондықтан адамдар электрокөлікке ауысуға дайын емес. Гибрид үлгілері – заманауи тренд пен практикалық қажеттіліктің ортасындағы тиімді шешім болып отыр.

Седан мен хэтчбектер

Седан сегментінде BYD Qin Plus, Volkswagen Lavida, Nissan Sylphy, Toyota Camry сынды үлгілер ең танымал. Әсіресе BYD маркасы соңғы жылдары Қытайдағы ғана емес, жаһандық деңгейдегі көшбасшылардың бірі болып отыр. Qin Plus моделі гибрид немесе бензин нұсқасында қолжетімді және мемлекеттік субсидиялардың арқасында тиімді бағада сатылады. Қытай жүргізушілері бұл көлікті үнемділігі мен базалық үлгілеріндегі технологиялық мүмкіндіктері үшін таңдайды.

Ықшам әрі ақылды қалалық көліктер

Хэтчбек үлгілеріне келсек, BYD Seagull мен Wuling Hongguang MINI ерекше сұранысқа ие. Seagull – қолжетімді әрі «ақылды» жаңа буын қалалық көлігі, ал Wuling – жылдар бойы танымалдылығын жоғалтпаған, нағыз «қалалық көлік». Тұтынушылар бұл модельдерді үнемділігі, көлемінің шағын және мегаполистерде тұраққа қою ыңғайлы болғаны үшін бағалайды. Олар әсіресе жастар, әйелдер және егде жастағы жүргізушілер арасында танымал.

Кроссоверлер: жайлылық пен технологияның үйлесімі

Қытайда кроссоверлер сегменті де қарқынды дамып жатыр. BYD Song Plus, Changan CS75 Plus, Geely Xingyue L сияқты үлгілер ішкі нарықта көп сатылады. Мұны статистикадан байқауға болады. Бұл көліктерді отбасылы адамдар жиі таңдайды. Себебі олар кең, ыңғайлы және салыстырмалы түрде қолжетімді. Қазіргі қытайлық кроссоверлерде климат-бақылау, үлкен сенсорлық экрандар, адаптивті круиз-бақылау, тіпті қымбат нұсқаларында автопилот жүйелері де бар.

Шетелдік брендтер бедел мен мәртебе үшін таңдалады

Қытай нарығында импорттық маркаларға сұраныс бұрынғыдай жоғары емес, бірақ әлі де өз орнын сақтап отыр. Tesla Model Y, Toyota RAV4, Volkswagen Tiguan L, Honda CR-V сияқты үлгілер – шетелдік көлікке сенетін адамдардың таңдауы. Tesla – Қытайдағы заманауи өмір салтының символы, әсіресе ірі қалалардағы жастар арасында сұранысқа ие. Бұл көліктерді жиі бедел, жайлылық және бренд мәртебесі үшін алады.

Бизнес пен отбасылық сегментте минивэндерге сұраныс артуда

Минивэндер сегментінде Denza D9 көш бастап тұр. Бұл BYD пен Mercedes-Benz бірлесе шығарған премиум үлгісі. Ол іскер адамдар мен үлкен отбасылар арасында танымал. Бұрын бұл сегментте Toyota Sienna мен Buick GL8 алда болатын, алайда олар біртіндеп нарықтағы үлесін жоғалта бастады.

Қытай халқы неліктен жергілікті көліктерді таңдайды?

Қытайлық тұтынушылардың таңдауында бірнеше ортақ фактор бар. Біріншіден, ұлттық өндіріске қолдау көрсету. Қытайда Geely, BYD, Changan секілді брендтер тек көлік қана емес, ел жетістігінің белгісі саналады. Екіншіден, технология. Жергілікті үлгілерде үлкен экрандар, дауыс арқылы басқару, цифрлық қызметтер секілді мүмкіндіктер кеңінен таралған. Бұрын тек люкс көліктерде болған жүйелер енді бюджеттік нұсқаларда да бар. Үшіншіден, баға мен үнемділік. Қытайлық брендтер өндіріс көлемі мен мемқолдаудың арқасында шетелдік баламалардан арзанырақ. Бұл негізгі артықшылық.

Басты талап – қалалық өмір салтына сай көлік

Қытай қалаларында адам көп, көлік қозғалысы тығыз. Сондықтан адамдар ықшам, маневрге ыңғайлы, үнемді көліктерге басымдық береді. Осыдан барып хэтчбектер мен кіші көлемді көліктерге деген сұраныс артты. Бұл тек жайлылық үшін емес, өмір ырғағына сай келетін көлік таңдауының белгісі.

Бүгінде қытайлық жүргізушілер Батысқа қарап бой түземейді. Керісінше, өз талғамымен бүкіл әлемде тренд қалыптастырып отыр. Қытайлықтардың қандай көлікпен жүретіні – ел ішіндегі экономикалық, технологиялық және мәдени өзгерістердің көрінісі. Ал бұл таңдау ертең бүкіл әлемге әсер ететінін естен шығармау керек.

Еске сала кетсек, осыған дейін АҚШ-тағы бағасы арзан, сапасы жақсы көліктер туралы жазған едік. Бүгінде Құрама штаттар нарығында жаңа темір тұлпарлардың орташа бағасы 48 000 доллар шамасында. Бұл тарихи максимум саналады, кейінгі жылдары автокөлік бағасының қаншалықты қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді.