Ақнәр Гүлістан ісінде жаңа тергеу тобы құрылды
Жарияланды

22 жастағы Ақнәр Гүлістанның қазасына қатысты іс бойынша жаңа тергеу тобы жұмысын бастады. Бұл туралы қоғам белсендісі Инга Иманбай әлеуметтік желіде хабарлады.
Ақнәр әділетке лайық! Бүгін Гүлстан ханым Астанадан арнайы келді. Қызының шындығы ашылсын деп ештеңеден тайсалмай жүрген батыр ананы қолдайық,– деп жазды Иманбай.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылдың жазында болған. Ресми нұсқа бойынша, Ақнәр жетінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға сенбейді. Ақнәрды алдымен азаптап, кейін терезеден итеріп жіберген деп санайды.
Бұған дейін Ақнәрдің құрбысы Рано Асқар оқиға жайында өз нұсқасын айтып берген еді.