
24 жастағы қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев іріктеу кезеңінің финалында франциялық Лука Павловичті 3:6, 6:3, 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіп, «Үлкен дулыға» жарысына жолдама алды.
Бұл кездесу екі сағат 26 минутқа созылды. Жұқаев матч барысында 52 виннер орындап, 63 пайыз бірінші допты сәтті енгізді. Еркін қателіктер саны – 24. Осылайша сет бойынша 3-1 есебімен қазақстандық теннисші жеңіске жетті.
Бейбіт Жұқаев қазіргі таңда ATP рейтингінде 251-орында тұр. Ең үлкен жетістіктерінің бірі – 2023 жылы Шанхайда өткен ATP 1000 турнирінің екінші кезеңіне өтуі. Сол жылы АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласында өткен Challenger жарысында чемпион атанды. Оның ATP рейтингіндегі ең жоғары көрсеткіші – 171-орын. Қазірге дейін Жұқаев 496 мың доллар көлемінде жүлде қоры тапқан.
Бейбіт Жұқаев Ақтауда дүниеге келген, тенниспен 9 жасынан бастап айналысады. 12 жасында Алматыға көшіп, спорттық жолын жалғастырды.
Жұқаевтың негізгі кезеңдегі қарсыласы жеребе тарту рәсімінен кейін анықталады. Айта кетейік, Уимблдон турнирінің негізгі кезеңінде Қазақстан атынан Александр Бублик те өнер көрсетеді.