
Колледжге түсушілер үшін eGov.kz порталында өтініш беру қызметі енді әлдеқайда ыңғайлы болды. Бұл туралы электрондық үкімет порталында хабарланды.
Қызметке жаңа мүмкіндіктер мен сүзгілер қосылып, талапкерге оқу орнын жылдам таңдауға, қателіктерден сақ болуға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Енді өтініш беру кезінде бірден жатақхана немесе тегін тамақтану қажеттігін көрсетуге болады. Әскери қызметін өтеп келген азаматтар тиісті құжатты қоса тіркей алады.
Оқу орнын таңдауда сүзгілеу жүйесі енгізілген. Портал пайдаланушы көрсеткен параметрлерге сәйкес (оқу тілі, өңір, бағыт, мамандық) колледждердің тізімін автоматты түрде құрастырады. Мысалы, талапкер оқытылатын тілді таңдағаннан кейін тек сол тілде бағдарлама ұсынатын оқу орындары ғана көрсетіледі.
Сонымен қатар, «Серпін» бағдарламасына қатысатын өңірлердегі ауыл мектептерінің түлектеріне арналған жеке сүзгі іске қосылған.
Талапкер өтінішті тек бір рет бере алады. Бірақ бірден төрт түрлі колледжге төрт түрлі мамандық бойынша құжат тапсыру мүмкіндігі бар. Қоса тіркелетін файлдардың жалпы көлемі 5 мегабайттан аспауы тиіс.
Өтініш беру тәртібі:
- eGov.kz порталына кіру және авторизациядан өту;
- «Білім» бөліміне өтіп, «Колледждер» санатын таңдау;
- «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау» қызметін таңдау;
- Қажетті жолдарды толтырып, құжаттарды жүктеу;
- Қызметті ЭЦҚ немесе қолжетімді басқа тәсілмен қол қою;
- Қызмет нәтижесі «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Қызмет көрсету мерзімі – 3-тен 5 жұмыс күнге дейін. Құжаттарды қабылдау кезең-кезеңімен жүргізіледі және оқыту нысаны мен білім беру бағдарламасына байланысты. Құжат тапсыру шарттары мен мерзімдері туралы толық ақпаратты eGov.kz порталындағы қызмет төлқұжатынан табуға болады.