
Танымал ресторатор Асқар Байтасов Медеу мұз айдыны маңында бой көтеретін жаңа кафенің жобасын көрсетті. Нысан жоғарғы класты қонақүй аумағында орналасатын болады.
Байтасовтың айтуынша, болашақ кафе әйгілі сәулетші Владимир Кацевтің стилін заманауи реңкте қайта жаңғыртады. Дәл осы сәулетші 1972 жылы Медеу мұз айдынының бірегей бейнесін жасаған.
Жобаның визуализациясына қарағанда, жаңа нысан классикалық стиліндегі элементтерді заманауи сәулетпен үйлестіріп, кеңістіктің табиғи ландшафтына бейімделіп салынбақ.
«Бұл жай ғана кафе емес, болашақта Алматының жаңа сәулет нысанына айналатын кеңістік», — дейді авторлар.
Асқар Байтасовтың сөзінше, жаңа кафенің ашылуы 2026 жылдың қыс мезгіліне жоспарланып отыр. Дегенмен нақты күн әлі белгісіз. Қазір жоба дайындық кезеңінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының ортасында 30 жылдан соң қайта ашылған «Аққу» кафесі туралы жазған едік.