
19 жастағы қазақстандық Тұран Устюгов Ресейде Украина жағында соғысуды жоспарлады деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 25 маусым күні Ростов-на-Донудағы Оңтүстік округтік әскери сотында шықты.
Алматылық жас жігітке Ресей билігі «террористік ұйымның қызметіне қатысу» және «террористік әрекетке дайындық мақсатында оқу курсынан өту» баптары бойынша айып таққан.
Айыптау тарабы Туранға 25 жыл жаза сұраған. Ақырында 12 жылға үкім кесілді.
Устюгов 2024 жылдың қазан айынан бері Ресейде қамауда отыр. Оны Қырымда ұстаған. Тергеу мәліметінше, ол Украина жағында соғысып жатқан «Орыс еріктілер корпусы», «Ресей еркіндігі» легионы немесе «Азов» бригадасына қосылмақ болып, Қырым арқылы Украинаға өтпек болған. Бұл құрылымдардың барлығы Ресейде «террористік ұйым» ретінде танылып, тыйым салынған.