
Арменияда «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген күдікпен 15 адам ұсталды. Бұл туралы Арменияның басылымдары хабарлады.
Басылымдар елдің тергеу комитеті Мемлекетке, конституциялық құрылыс негіздеріне және қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар бойынша тергеу жүргізіп жатқанын, соның ішінде «Қасиетті күрес» қозғалысының жетекшілері мен қатысушыларының лаңкестік әрекетін тексеру жүріп жатқанын хабарлайды.
Тергеу комитеті мемлекеттік төңкеріс жасауды ойластырғандардың мекенжайынан электр және интернет байланысын қамтамасыз ететін кабельдерді зақымдауға арналған көптеген жарылғыш құрылғыларды тапқан. Бұдан бөлек топтың қай жерде әрекет ететіні көрсетілген карта да табылған.
Нәтижесінде бұл іске қатысы бар 15 күдікті қамауға алынған. 16-шы күдікті – архиепископ Баграт (Вазген) Галстанян. Дін өкілі терроризм, жаппай тәртіпсіздіктер және билікті басып алуға дайындық фактілері бойынша айыпталып отыр. Полиция архиепископты бұл істің басы-қасында тұрған ұйымдастырушысы деп санайды.
Ұсталған күдіктілердің арасында Арцах ұлттық ассамблеясының депутаты Давид Галстян мен архиепископтің көмекшісі Мовсес Шарбатян бар.
Айта кетсек, бірнеше күн бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинян елде мемлекеттік төңкеріс жасауды ойластырған топтың ұсталғанын хабарлады. Іске шіркеу қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтқан ол:
«Мемлекеттігімізге, Арменияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қарсы дайындалып жатқан қылмыс ашылды», – деді.