
Инфрақұрылым тозған
2029 жылға дейін энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға 13 трлн теңге жұмсалады. Бұл туралы Сенатта депутат Шәкәрім Бұқтығұтов айтты.
«Баршаға белгілі, еліміздің коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымы бүгінде желі тозуының жоғары деңгейімен және технологиялық тұрғыдан ескірген жабдықтармен байланысты күрделі мәселелерге тап болып отыр», – деді депутат.
Инфрақұрылымның ескіргеніне байланыста ресурстар тиімсіз пайдаланылады. Нәтижесінде бұл жағдай халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақтылығына теріс әсер етуде.
Қанша қаражат жұмсалады?
Депутатттың айтуынша, қазіргі уақытта елдегі жылу желілерінің тозу деңгейі шамамен 52%-ды құрайды. Салдарынан апат жиі болып, жылу шығындалады. Ал электр станцияларында жабдықтардың тозу деңгейі 57%-ды құрайды. Тозу деңгейі 80%-дан асқан станцияларда апат жиі болатыны анықталған.
«Жоғарыда айтылғандардың барлығы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жедел ауқымды жаңғырту қажеттілігін көрсетеді.
Жалпы, 202 жылға дейін Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында энергетика саласына – 6,2 трлн теңге, коммуналдық салаға – 6,7 трлн теңге қаражат бөлу жоспарлануда», – деді Бұқтығұтов.
Айта кетейік, Сенатта астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру жөніндегі заңы талқыланды. Оған сәйкес елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, кедендік реттеу, мемлекеттік аудит және т.б. мәселелерді шешу көзделіп отыр.
Бүгін үкімет Жезқазған қаласының жылу желілерін жаңғыртуға 2,8 млрд теңге бөлінетіні хабарлады. Қаражат үкімет резервінен бөлінеді.