Geely EX5 – бағасы 8, 17 миллион теңге тұратын электрокар

Geely EX5 атты бағасы небәрі 8, 17 миллион теңге тұратын электрокар Еуропа нарығына шыға бастады. Жақында Қазақтанға келеді деп күтілуде.
2025 жылдың 24 маусымында қытайлық Geely автоконцерні Грекияда ресми түрде өз жұмысын бастады.
Сarnewschina ақпаратына қарағанда, компания ел нарығына алғашқы үлгісі – Geely EX5 толық электрлі кроссоверін ұсынды.
Компания Еуропаны жауламақ
Бұл қадам Geely-дің Еуропа нарығына бағындырып жатқанын көрсетеді. Geely EX5 моделі Қытайда алғаш рет 2024 жылдың тамызында Geely Galaxy E5 атауымен таныстырылды. Қытай нарығында бұл модельдің бес нұсқасы бар. Бағасы 112 800–148 800 юань аралығында. Шамамен 8, 17 миллион теңге.
Geely EX5 ерекшелігі қандай?
Автокөлікке алдыңғы жағына 160 кВт электр қозғалтқышы орнатылған. 215 ат күші бар. Ол 320 Нм айналу моментін береді. Бұл кроссовер 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 6,9 секундта жете алады. EX5 екі түрлі аккумулятормен ұсынылып отыр. 49,52 кВт/сағ – CLTC стандарты бойынша 440 шақырым және 60,22 кВт/сағ – 530 шақырымға дейінгі жүріс қоры.
Жоғары қауіпсіздік
Жаңа Geely EX5 заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Атап айтқанда:
BSD – «Соқыр» аймақтарды бақылау жүйесі;
ELKA – Жолақтан еріксіз ауытқуды болдырмайтын шұғыл көмек жүйесі;
G-TCS – Барлық ауа райына бейімделген қозғалысты басқару жүйесі;
ESC – Электронды тұрақтылықты бақылау жүйесі;
ABS – Тежегіштің бұғатталуына қарсы жүйе;
EBD – Тежегіш күшін электронды түрде бөлу жүйесі;
BA – Тежегішті күшейтуге көмектесетін жүйе;
ARP – Электронды сырғанауға қарсы жүйесі бар.
Артықшылықтары мен баға мәселесі
Geelyдің жаңа кроссовері бір қуатпен 610 шақырымды артқа тастай алады.
Арзан әрі экологиялық жағынан таза Geely EX5 көліктері мұның алдында ТМД елдерінің нарығын бағындырды. Ресей мен Беларусьте танымал көліктердің біріне айналып келеді. Бағасы – 74 мың беларусь рублі. Бұл –шамамен 11,5 миллион теңге. Ал көрші Ресейде Қытайдан әкелінген электрлі кроссоверлер екі есе қымбат бағаланады. Тіпті жеңілдік акцияларын есепке алғанда да, ең төменгі Pro нұсқасы шамамен 24 миллион теңгеге жуықтайды.
Қазақстанға келетіні даусыз
Әзірге Қазақстан нарығына келмеген. Алайда Geely бренді Қазақстан нарығында өте белсенді. Сондықтан EX5 моделін жақында автосалондардан көріп қалуымыз ғажап емес. Өйткені, елімізде электромобильдерге деген сұраныс артқан. Оларды қуаттау инфрақұрылымы қарқынды дамып жатыр.
Басты мәселе – Қытайда 8, 17 миллион теңге тұратын көліктің бізде қаншадан сатылатынында.
Мұның алдында Geely 100 шақырымға 2 литр жанармай жейтін гибридті седанын таныстырған еді.