Оқ тиген Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов маңызды мәлімдеме жасады

Оқ тиген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов маңызды мәлімдеме жасады. Партиядан неден кеткенін түсіндірді.
Мәлімдемесінде Respublica партиясының тең төрағасы ретіндегі миссиясын аяқтағанын хабарлады.
«Бұл шешім саналы түрде және өзіме қатысты бірқатар объективті себептерге байланысты қабылданды», – деді ол.
Берденов мұның үш себебін атап көрсеткен.
Үш себеп
Біріншіден, ол қазір Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүр.
«Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметті саяси партиядағы жетекшілік қызметпен қатар алып жүруге жол берілмейді. Мен заң талаптарын құрметтеймін және оны қатаң сақтаймын», – деп мәлімдеді шенеунік.
Екіншіден, партияның ішкі қағидаттарына сәйкес, партия мүшелері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқара алмайды.
«Біз саяси үдерістерге қатысу партия ішіндегі билік құрылымымен араласпауы тиіс деп санаймыз», – дейді Берденов.
Үшіншіден, ол қазір денсаулығын қалпына келтіруге баса назар аударып жүр.
«Мен әрдайым жұмысыма жоғары жауапкершілікпен қарап келдім. Бұдан кейін де мемлекеттік қызметтегі лауазымымды өз деңгейінде атқаруым керек. Сондықтан да дәл қазір өзімді жақсы сезіну үшін күш-қуатымды соған салудамын», – деді ол.
Партия қатарынан кетпейді
Берденов партияның құндылықтар мен идеяларына адал болып қалатынын айтқан.
Мұның алдында Руслан Берденов Respublica партиясы төрағасының орынбасары қызметінен кеткені туралы ақпарат тараған-ды.
«Қазіргі уақытта Руслан Берденов Respublica партиясы құрылымында ешқандай басшылық лауазым атқармайды. Бірақ партия мүшесі ретінде қала береді», – делінген партияның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Берденовке жасалған қастандық
Айта кететін жайт, Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша тергеу аяқталды. 21 сәуір күні шенеунік әкімдік ғимаратынан шыққан сәтте Ернар Жиембай – Берденовтің бұрынғы қарамағындағы қызметкері бес рет оқ атқан.
Луиза Алданова оқ атқан жолдасын «отбасын бірінші орынға қоятын қарапайым азамат» деп атады. Күйеуінің ісі «үлкен қателік» болғанын айтты.