«Ғасыр тойы»: Безос Венециядағы үйлену тойына 56 млн доллар жұмсайды (фото)

Жарияланды 26 Маусым 2025 11:35

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Кәсіпкер Джефф Безос пен журналист Лорен Санчес Венецияда үйленеді / фото: REUTERS/Yara Nardi
Кәсіпкер Джефф Безос пен журналист Лорен Санчес Венецияда үйленеді / фото: REUTERS/Yara Nardi

Amazon компаниясының басшысы Джефф Безос пен журналист Лорен Санчес үйлену тойын Венецияда өткізеді. «Ғасыр тойы» атанған үш күндік VIP-кешке шамамен 56 млн доллар жұмсалады.

Жергілікті қала тұрғындарының қарсылығына қарамастан, Венеция әуежайына осы күндері шамамен 90 жекеменшік ұшақ қонады. Олар шоу-бизнес жұлдыздарын, саясаткерлер мен қаржыгерлерді үйлену тойына жеткізеді.

Той бейсенбі, 26 маусымда кешке басталады. Қонақтар орта ғасырда салынған Мадонна дель Орто шіркеуі мен ғибадатханасына жиналады. Салтанатты шара ашық аспан астында өтеді. Бұл туралы Reuters агенттігіне дереккөздер хабарлады. Бір күн бұрын Венеция басшылығы осы ауданды қоршауға алуды тапсырған. Жергілікті халық той өтіп жатқан жаққа жіберілмейді.

Үйлену тойының өзі нақты қай күні және қашан өтетіні белгісіз. Агенттіктің мәліметінше, 61 жастағы Безос пен 55 жастағы Санчес некесін Құрама Штаттарда қиған болуы мүмкін.

250 қонақтың көбісі екінші кешке жиналады. Ол 27 маусым күні Сан-Джорджо шағын аралында өтеді.

Той марафоны сенбі күні ең басты үйлену салтанатымен аяқталады. Ол Арсенал залдарының бірінде өтеді. Орта ғасырларда мұнда кеме жасаған, ал қазір арт-кеңістікке айналған.

Джефф Безос – Amazon электронды сауда компаниясының негізін қалаушы. Ол Forbes миллиардерлер тізімінде 215 млрд доллармен үшінші орында тұр. Кәсіпкер журналист Санчеспен 2023 жылдан бері кездесіп жүр. Төрт жыл бұрын Безос 25 жыл отасқан Маккензи Скоттпен ажырасқан.

Сондай-ақ оқыңыз