Tesla-ның Техаста сынақтан өтіп жатқан робот-таксилері ережені өрескел бұзды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Tesla компаниясының Техастың Остин қаласында сынақтан өтіп жүрген робот-таксилері сынға ұшырады / фото:  REUTERS/Joel Angel Juarez
Tesla компаниясының робот-таксилері сынға ұшырады / фото:  REUTERS/Joel Angel Juarez

Tesla компаниясының Техастың Остин қаласында сынақтан өтіп жүрген робот-таксилері жол ережесін қайта-қайта өрескел бұзды. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, робот-таксилер жол ережесін дұрыс сақтамайтын болып шықты. Мәселен, ол бір жолаушыны жол ортасына тастап кеткен. Тағы біреуі өзге жолаққа шығып алған.

Миллиардер Илон Масктің компаниясына тиесілі робот-таксилер осы күндері АҚШ-тың Остин қаласында сынақтан өтіп жатқаны мәлім. Куәгерлер жүргізушісіз таксилердің қателіктерін видеоға түсіріп алып жүр. Оларды компанияның өзі шақыртқан. Сол арқылы Tesla олқылықтардың орнын толтырғысы келеді.

Куәгерлер түсірген видеоларға қарағанда, таксилердің бірі бордюрге шығып кетсе, тағы біреусі кілт тоқтаған. Енді бірі жылдамдықты күрт арттырып жіберген.

Осыған байланысты жол ережесі қауіпсіздігі жөніндегі федералдық инспекторлар мен сарапшылар Масктің робот-таксилері жаппай қызмет көрсетуге дайын дегенге күмәнданып отыр.

Миллиардердің өзі болса Tesla-ның қаржы болашағын жүргізушісіз таксилермен байланыстырады. Масктің мәлімдеуінше, 2026 жылдың екінші жартысында миллиондаған Tesla «толықтай дербес» жұмыс істеуге кіріседі.

Кәсіпкердің осы саладағы басты қарсыластары – Waymo мен Cruise компаниялары да кезінде осыған ұқсас қолайсыздықтарды өткерген.

Естеріңізге сала кетейік, Robotaxi деген жазуы бар, бірақ ішінде жүргізушісі жоқ автокөліктер Остин тұрғындарына 22 маусымнан бастап сынақ ретінде қызмет көрсете бастаған.

Сарапшылар шамамен он жылдан кейін робот-таксимен қатынайтын заман туады деп болжайды. Осы айда Goldman Sachs мамандары бір ғана Қытайдың робот-такси нарығы 2035 жылға қарай 47 млрд долларға дейін ұлғаятынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз