
Кей адамдардың инвестиция салғанда келісімдері үнемі сәтті іске асып жатады. Олар ақшаны қайда салған жақсы екенін, қай келісімнен пайда таппайтынын біліп тұрғандай сезіледі. Ондайда «осының көріпкелдігі бар-ау» деп қалуыңыз мүмкін. Шынында, олар тәуіпке барып сұрамайтыны анық. Өзінің де магиялық қабілеті жоқ. Бар мәселе — қаржылық интуицияның мықтылығында. Яғни ол адам қаржы саласын жақсы біледі, әбден «көріпкел» болып алған. Ондай интуицияны қалай дамытуға болады және ол қалай қалыптасады деген мәселені талдап көрейік.
Қырағылықты қалыптастыратын — әмияныңыз
Қаржылық интуиция деп ұзақ уақыт есептеп, бәрін саралап барып қабылдайтын шешімді айтпайды. Ол — іштей «осы дұрыс» деп тұратын сезім. Мұны мистикаға балаудың қажеті жоқ. Жай ғана сондай қабілеті шыңдалған. Мысалы тәжірибелі жүргізушілер рөлдің қытырлағанынан-ақ машинаға не болғанын, қай жері бұзылып тұрғанын біліп қояды емес пе? Мына жерде де солай. Тек рөлдің орнына мұнда банктегі шот тұрады. Ал жолдың орнын «сатып алсам ба, жоқ па?», «шығындалайын ба, жоқ па?» дегендей таңдаулардан тұратын жағдайлар басады. Мінез-құлық экономикасы саласындағы мамандар осы түсінікті қазір қатты зерттеп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, табысты кәсіпкерлер мен инвесторлар шешім қабылдаған кезде деректерге ғана сүйене бермей, ішкі түйсігіне көбірек қарайды екен.
Қаржылық интуиция қалай жұмыс істейді?
Мәселен сіз дүкенге келіп тұрсыз. Сөреде «40% жеңілдік» деп тұрған тауарды көріп қалдыңыз. Акция бүгін ғана болады екен. Басқаларда қанша тұратынын тексерейін десеңіз, мүмкіндік жоқ. Сөйтіп ойланып-ойланып тұрып, «40 пайыз деген көп қой. Күмән көп»деп ойлап, алмайтын болып шештіңіз. Яғни сізде іште сондай сезім болды. Солай ойладыңыз да, кетіп қалдыңыз. Келесі дүкенге барып едіңіз, дәл сол тауар одан да арзан бағада, еш жеңілдіксіз сатылып жатыр екен. Қаржылық интуиция деген осындай болады. Ешқандай есепсіз, бірден ойға сарт ете қалатын батырма сияқты жұмыс істейді.
Қаржылық интуицияңыздың үш тұғыры
1. Қаржылық жадыңыз
Ақшаға қатысты қабылдаған барлық шешім, әрекет тәжірибе болып жинақталады. Тіпті ұтылған кездің өзі — тәжірибе. Сол арқылы сізде болашақта ондай кезде не істеу керек деген база қалыптаса бастайды. Мысалы бір рет пайызы жоғары болса да кредит алып, оны төлеуге қиналсаңыз, келесіде тіпті «бөліп төлеуге ал, 0%» десе де жолағыңыз келмей қалады. Яғни бұл теория емес, бойға сіңетін машық.
2. Эмоциялық интеллектіңіз
Қаржылық интуиция үнемі эмоциямен қатар жүреді. Яғни өз күйіңізді сезе алсаңыз, онда қазір сізді итермелеп тұрған шынымен мұқтаждық па, әлде импульс па ажыра аласыз. Мәселен «ішім пысып кетті» деген оймен косметика сататын дүкенге кіріп тұрсыз ба, әлде «консилер бітіп қалды. Ертең тойға барамын, керек болады» деген ойдан алғалы жатсыз ба — анықтау қолыңыздан келуі керек. Эмоциялық интеллектісі жақсы жұмыс істейтін адамдардың қаржылық түйсігі де мықты болады, тезірек дамиды.
3. Көп оқып, көп білгеніңіз
«Стартапқа инвестиция салу» десе болды тұра ұмтылмайсыз. Неге? Өйткені сіз осыған ұқсас кейстерді көп оқығансыз. Таныстардан естігенсіз. Сондықтан салқынқанды қабылдайсыз. Миыңыз қазіргі кейсті алдыңғылармен бірден салыстырып, дереу бір байлам жасап береді. Мұның бәрі көп оқып, көп білгеннің арқасында.
Қаржылық интуицияны дамыту
Айналаңызды көп бақылаңыз
Біз күн сайын ақшаға қатысты шешім қабылдаймыз. Зат салып аламыз, сабскрайб жасаймыз және т.б. Демек, тәжірибе көп. Олай болса, әрекеттерді ғана емес, сол ақша құртқанға дейінгі және одан кейінгі күйіңізді бақылап көріңіз. Алдыңыз — көңіліңіз толды ма? Әлде бекер құртқаныңызға өкіндіңіз бе? Интуиция күшейткісі келген адам осындай фидбәктерге мән беруі керек.
Қателескен жеріңізді бір жерге тізіп жүріңіз
Ақшаға қатысты өкініш барлық адамда болады. Сол қателікті тізіп жүру керек. Өзіңізді кінәлау үшін емес, сабақ алу үшін. Қай кезде артық қыламын деп тыртық қылдыңыз, қай кезде жарнамаға алданып ақшасыз қалдыңыз, қай кезде шаршағандықтан қателесіп алып қойдыңыз — жазып жүріңіз. Осылай тізе берсеңіз, бірнеше айдан кейін паттерндер байқай бастайсыз. Миыңыз сондай әрекетті қайталамас үшін барын сала бастайды. Анализ жасауға таптырмайтын амал.
Мини-эксперименттер жасаңыз
Айталық, «ойланбай зат алуға өзіме 30 күн тыйым саламын» деңіз. Болмаса, бір апта бойы тек қолма-қол ақша ұстап көріңіз. Осындай эксперименттердің арқасында автоматизмді өшіріп, ақшаға қатысты түсінікті жандандыруға болады.
Ақшаға қатысты көп оқыңыз
Соның ішінде біреулердің шешіміне, кейстеріне, достарыңыз бен таныстарыңыздың әрекеттеріне анализ жасап жүруді әдетке айналдырыңыз. Кім қалай ақша жинайды? Қалай инвестиция жасайды? Кім алданып қалды? Қандай ұсыныстарға еріп кетіп, соңында тақырға отырды? Неғұрлым көп біліп, естіп, оқысаңыз — өзіңізге жақсы. Интуиция осылай күшейеді.
Есеп бәрібір керек болады
Қаржылық интуиция сезімнен туады десек те, ақша бар жерде есеп болуы керек. Яғни екеуі бірігіп, бір-бірін толықтырады. Бір-бірінің орнын баспайды. Интуиция сіздің радарыңыз іспеттес.
Қаржылық интуиция кімдерге аса маңызды?
- Фрилансерлер мен кәсіпкерлерге керек. Өйткені ақшаға қатысты кез келген шешім табысқа тікелей әсер етеді.
- Экономикасы тұрақсыз елде тұратындарға маңызды. Күні ертең не болары белгісіз, алмағайып кезде интуиция өте қажет.
- Ата-аналарға керек. Өйткені олар өзі үшін ғана емес, балалары үшін де шешім қабылдайды.
- Күнкөріс, айлықтан айлыққа өмір сүру дегеннен құтылып, қаржылай еркіндікке қол жеткізгісі келетіндерге қажет.
Behavioral Finance Research Lab жасаған зерттеу нәтижесінде қаржылық тұрақтылыққа жете алған адамдардың 70 пайызы стратегиясы туралы сұраққа «интуицияма сүйендім» деп жауап берген екен. Яғни шешім қабылдағанда сандарға қарап қана емес, ішкі түйсікке де баса мән береді деген сөз. Қаржылық интуицияның маңызын осыдан-ақ білуге болады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қаржы кеңесшісін қалай таңдау керегі туралы жазғанбыз.