
Қазақстан ауруханаларында енді жедел шақыру түймелері орнатылады және тұрақты түрде полиция кезекшілік етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, аталған шаралар қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ бірлесіп әзірлеп жатқан медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұжырымдамасына енеді.
«Министрлік бұл бағытта жұмыстарды бастап кетті. Мысалы, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне – дәрігерлерге, фельдшерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне арнайы кеуде жетондары орнатылып жатыр. Бұл жетондар бейнежазба жүргізеді және жазбалар сақталады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта ІІМ-мен бірлесіп, облыстық немесе қалалық балалар ауруханаларында, қабылдау бөлімшелерінің маңында немесе ішінде полиция қызметкерлерінің кезекшілігін ұйымдастыру мәселесі пысықталуда»,– деді Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, медициналық мекемелерде полицияны шұғыл шақыру түймелерін орнату жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен Қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қаралуда. Атап айтқанда, қызметтік міндетін атқару барысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған тұлғаларға қатысты жазаны жеке бап ретінде бөліп қарастыру ұсынылуда. Бұл мәселе қазір Үкімет қарауында және алдағы уақытта Парламентке жолданады»,– деп толықтырды вице-министр.
Айта кетейік, бүгінде 155 мыңнан астам қазақстандық дәрігер өздерін кәсіби қателіктерінен сақтандырды.