Жаңалықтар

2027 жылы ауылдардың 99%-ы сапалы интернетке қосылады – вице-министр

2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ы интернетпен қамтамасыз етіледі
Ауылдар қашан интернетке толық қосылады? / Фото: kursiv.media архиві

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев елдегі ауылдар қашан толығымен интернетке қосылатынын айтты.

Вице-министрдің айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін  елдегі ауылдардың 99%-ы интернетке қосылады.

«Елімізде 6226 ауыл бар. Олардың 4800-інде қазір интернет бар. Ол жерде опиткалық болуы мүмкін немесе интернет радиорели арқылы  беріледі. Бірақ біздің көздеп отырғанымыз бұлардың барлығына оптикалық интернет тарту»,  – деп түсіндірді ол.

Досжан Мұсалиев қазіргі уақытта 2600 ауылға оптикалық интернет тартылғанын атап өтті. Қалған 3039 ауылға 2027 жылдың соңына дейін кабель арқылы оптикалық интернет барады деп сендірді.

«Нәтижесінде 500 елдімекен қалады, бірақ ол ауылдар таулы жерде орналасқан  немесе ол жерлерде 10-20 шақты ғана адамдар тұрады. Дәл сол  жерлерге спутниктік  интернетті  жеткізуге жағдай жасап жатырмыз. Қорытындылай келе біздің болжауымыз бойынша,  2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 99 пайызы сапалы интернетпен қамтылады«,– деп жауап берді вице-министр Сенат кулуарында.

Айта кетейік, Үкімет ауылдарға интернет жеткізу үшін Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен 42 млрд иен қарыз алмақ. Сенат құжатты мақұлдады. Халықаралық банктен алынған қаражат есебінен 1123 елдімекенді интернетпен қамту көзделіп отыр.