Жаңалықтар

Астана Қазақстандағы ең лас қала атанды

Астанада атмосфералық ауаның жылдық ластану индексі 11-ге жетті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астана елдегі ең ластанған қалалар тізімінде көш бастап тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елордада ауаның ластану деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен.

«Қазгидромет» мәліметінше, елордада атмосфералық ауаның жылдық ластану индексі 11-ге жетті. Бұл – ел бойынша соңғы бес жылдағы ең нашар көрсеткіш.

Ranking.kz сарапшыларының хабарлауынша, «жоғары деңгейдегі ластану» санатына Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Теміртау, Сәтпаев, Петропавл және Талғар қалалары да енген. Алайда антирейтингтің көшін Астана бастап тұр.

Экологтардың айтуынша, негізгі ластаушы заттардың барлығы бойынша шекті рұқсат етілген концентрациялар айтарлықтай асып кеткен. Атап айтқанда, 2024 жылы кейбір күндері ауадағы күкіртсутегінің мөлшері нормадан 11 есе, озон 7 есе, ал РМ2.5 ұсақ бөлшектерінің концентрациясы 6,7 есе жоғары болған.

Мұндай жағдайдың басты себебі – көлік. Жыл ішінде елордадағы автокөлік саны 20%-ға артып, 468 мыңнан асқан. Олардың ішінде 98 мыңнан астамы 20 жылдан асқан ескі көліктер. Көліктердің техникалық жағдайы мен жанармай сапасы да сын көтермейді.

Қоғамдық көліктің де зияны аз емес. Мәселен, қалалық автобустардың үштен бірі 20 жылдан асқан. Электробустардың үлесі тым төмен бар болғаны 0,7%.

Сарапшылардың айтуынша, Астанада ауа ластануы бүгінде маусымдық емес, жыл бойғы құбылысқа айналған. Бұрын ластаушы заттардың ең көп мөлшері қыс мезгілінде тіркелсе, енді шекті мөлшерден асып кету көктем мен жазда да байқалады.

Екі жыл бұрын айтылған «төмен эмиссиялы аймақ» құру жоспары сол күйі талқылау деңгейінде қалып қойған. Экологтар мен қоғамдық ұйымдар қала әкімдігін шұғыл шаралар қабылдауға шақырып отыр.

Еске салайық, IQAir мәліметінше, әлемдегі 12 ел ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таза ауа талаптарына сай келеді. Ұйым Қарағанды мен Теміртауды ең лас, ал Жезқазған мен Шуды ең таза қалалар қатарына қосты.